23Ақпан2019

 

Қазақ елінің және мемлекетінің қазіргі кездегі қалыптасып жетілуі өте күрделі геосаяси жағдайларда жүзеге асырылуда. Әлемнің алдыңғы қатарлы көптеген елдері біздің дамуымызға, қалыптасуымызға, алға қарай жылжуымызға көз тігуде. Егер біреулері қуаныш пен ризашлықпен қарайтын болса, ал енді біреулері қызғанышпен салқын пиғылмен қарап отыр. Әрине, мемлекетіміздің болашағы жастар. Олардың дүниетанымы, құндылықтар әлемі, рухани болмысы, наным-сенімі еліміздің болашағының айқын үміті болып саналады. Осы бағыттан алғанда, қазақ елінің қазіргі қалыптасып дамуы, осыдан бір ғасыр бұрыңғы тарихи жағдайлармен өте көп ұқсастықтарға ие. Ол кезде де қазақ зиялылары Ресей империясының рухани езгісінде болған, туған халқын еркіндікке, бостандыққа, тәуелсіз ел болуға шақырды. Бұл мақсаттың басты кілті ретінде олар рухани-бостандықты беліглеп, ата дінімізді ислам діні терең игеріп, ондағы құндылықтарды, имандылықты жүзеге асыру үшін қайта жаңғырту қажеттіктерін алға тартты. Бұл бағытта орасаң еңбек еткен қазақ зиялыларының алдыңғы қатарында Абайдың шәкірттері – Шәкәрім, М.Ж.Көпеев, Ғұмар Қараш болды. Егерде ол кездегі рухани жағдайлаға тоқталатын болсақ, жалпы алғанда XX-шы ғасыр басындағы Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында жәдидшілдік өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс болатын. Ағартушылық сипатта жүрген жәдидшілдік қозғалыс қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алып, оны жаңғыртуды көздеп,  патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталды. Қазақ зиялылары өз көзқарастарында қоғамдағы тоқыраудың себеп-салдары мен оның мәнін ашу жақтары, қоғам өмір-тіршілігінің жан-жақты тұстарын сынға ала отырып, осы жағдайды реттеу бағытында келелі пікірлер айтты. Сол пікірлерді айқынырақ жан-жақты сараптаушы заманының алдыңғы қатарлы тұлғалары болып есептелетін Шәкәрім мен Ғұмар Қараштың діни дүниетаным туралы және сол кездегі діннің қоғамдағы орны туралы, қоғамдық сананы трансформациялау туралы ойларын салыстырмалық талдауды жөн көріп отырмыз. Себебі, біздің ойымызша, қазіргі зайырлы мемлекет құрып жатқан қазақ елі үшін қолданбалы маңызға ие ой маржандарын бұл ғұламалардың көзқарастарынан көре аламыз.

Нақтырақ тоқталатын болсақ, Шәкәрім, Ғұмар Қараш сынды тұлғалар өз заманында қоғамға жаңаша ойлау үрдісін ұсына білді және руханият арнасында елеулі пікірлер мен көзқарастарын қалдырды, бүгінгі тілмен айтқанда ислам дінінің зайырлы ұстанымын негіздеушілер болды деп те айтуымызға болады. Ендеше, қазіргі кездегі әртүрлі жат бағыттағы діни түсініктер қоғамымызда белең алып келе жатқан шақта, олардың алдын-алу шаралары жүйелі түрде қолға алынып отырған кезеңде, жоғарыда аталған ойшылдардың байсалды ұстанымын ашып көрсетіп, оның ішкі мәнінен жетіп, зиялылар танымындағы ой сарынын салыстырмалы талдап, оны қоғам талқысына ұсыну мәселелері зерттеуге зәру бағыт.Қазіргі жаһандану заманында рухани бірлік идеясы ерекше маңызға ие болып отырған кезде, еліміздің ислам дініне қайта бетбұрыс дәуірі басталғанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының діни дүниетанымын зерттеп, оның оңды, тиімді, құнды жақтарын игеру, қазіргі жас ұрпақтың рухани әлеміне баға жетпес құндылық болар еді.

Өз еңбектерінде біз зерттеп отырған ғұламалар діни білімдердің маңыздылығын жан-жақты меңгере отырып, өз танымдарында қоғамдық санаға, халықтың рухани әлеміне серпінді қозғалыстар әкелген болатын. Сондықтан, ойшылдардың осы мәселедегі діни танымға қатысты пікірлерінің қазіргі заман үшін маңыздылығы артқан шақта, біз қазіргі заман мәселелерінің кейбір жақтарын шешуге, олардың жетістіктерін тиімді қолдана білген жөн деп есептейміз. Себебі, әлемдік мәдениетте қалыптасқан ойлар бойынша, танымның ең жоғарғы сатысы діни танымда көмкерілген. Діни құндылықтар сенімді қалыптастырудың сара жолы. Осы ойларға байланысты әрбір ұлттың дініне қарай қалыптасқан танымы бар деп айтуға болады, ал енді танымына қарай иманы қалыптасады, иманына қарай тілі, ділі, менталитеті қалыптасады. Тіліне қарай әрбір ұлттың әдет-ғұрпы, дәстүрі, тұрмыс-салты, өзіндік ойлау жүйесі дүниеге келеді. Осы бағыттан алғанда,   біз көңіл аудары отырған дана-ойшылдардың танымы қолданбалы маңызға ие. Жалпы дін мәселесін қарастырғанда, барша дінге ортақ ол ақиқатты тану болса, онда осы аққиқатты тану жолы да, бір дінмен, немесе бір ғана данышпанның пікірімен шектеле алмайтындығы аксиома. Дін көп болғандықтан оның танымның арналары да көп. Осының дәлелі ретінде Шәкәрім ойлары біздің жоғарғы айтқан бағытынымызды қолдап береді. Осы мәселеде Шәкәрім Құдайбердіұлы өз заманында осы мәселелердің тамырына тереңдей бойлап зерттеген ойшыл. Сондықтанда ол:

Жердің жүзін дәл тауып,

Ешбір дін жоқ орныққан.

Бәрінде де бар хауіп,

Дін көбейді сондықтан.

Сол көп дінде шешу бар,

Сол шешудің арты бар.

Адасқанға кешу бар.

Кешудің де шарты бар [1, 264б], - деп осылайша үн қатқан болатын. Әрине, Жаратушыны және оның жаратқан нәрселерін танудың жалғыз, дара жолы жоқ. Жалпы ғылым туралы мәселе қозғағанда, біз міндетті түрде дін және таным мәселесіне тоқталмай кетпейміз. Ойшылдар осы төңіректе діни сенім мен танымның ара жігін аша білген. Шәкәрім болса халқына барлық дінде қауіп барын ескертеді, себебі жердің бетін дәл тауып орныққан ешқандай діннің жоқ екендігін өлеңінде баса айтып отырып, діни фанатизмге қарсы ойлар айтқан. Сол көп діннің өзінде шешу барын айтады. Шешуді табуға ұмтылатын адам болып отырғаны анық. Сондықтанда шындықты тануда адам кейде адасуы да мүмкін. Бұл қалыпты жағдай біздіңше, сол адасқан адамдарға кешу бар, сол кешудің де шарты барын айтып отыр. Яғни сол уақыттың өзінде діни таным мәселесінде болған проблемалар қазіргі таңда да жиі кездесуде. Оның негізгі шешімі ойшыл ғылым мен білімнің дұрыс бағытпен жүруінде деп ойлаймыз. Қазіргі кезеңдегі маңызды мәселелердің бірі дәл осы жағдай әлемдік қауымдастыққа ортақ құбылыс.

Айтылған мәселелер туралы салыстармалы талдау жасайтын болсақ, өзіндік ерекшелікке толы осы бағыттағы өз заманының ірі тұлғасы Ғұмар Қараш дүниетанымына көз жүгірткен жөн. Осы турасында ол: «Надандық, қараңғылық, жалқаулық кесірінен дініміз де құлдырап кетті. Дінімізді де дұрыс ұстай алмай, дүниеде діннен айырылып қалу қаупіне жеттік. Демек, дінімізді қалай қалпына келтіреміз, қалай дамытамыз? Бұл жайында әр түрлі көзқарас бар. Біреулері өнер, білім арқылы жетілдірейік десе, біреулер дінді өзгерту керек дейді. Қорыта айтқанда, ежелгі ислам діні жолын дұрыс ұстай білуіміз керек [2, 178б], – деп қазақ қоғамына шариғат заңдарын енгізіп, орнықтыру арқылы көшпелі халықты имандылыққа баулуға болады деген ой ұсынады. Діннің көптігі – діннен айырылуға алып келетін қауіптердің бірі болса, Шәкәрім мен Ғұмардың дін көптігі, яғни ағымдардың көптігі мен одан сақтанудың, асыл дініміздің дұрыс ұстаудың жолдары мен адасушылықтың алдын алған ойшылдар дүниетанымы, қазіргі замандағы жариялық пен ашық есік идеяларын арқаланып, егемен елімізге біздің мәдениетіміз бен руханиятымызға жат шет елдерден келіп жатқан диструктивті діни ағымдар мен секталарды тоқтату қажеттігі идеясын алға тартады.

Өз заманындағы дін қалпы мәселелерін терең баяндаған Шәкәрімнің 1911 жылы Орынборда басылып шыққан «Мұсылмандық шарты» еңбегінде ислам дінінің басты қағидаларын, иман, құлшылық ету негіздерін халыққа түсінікті қылып жазып шығаруды мақсат еткен еңбегінің орны ерекше. Ойшыл бұл еңбегіненде діни наным-сенімді мейлінше халыққа түсінікті тілмен жеткізгендігін көреміз. Ол ең әуелі иманның шарттарына тоқталған. Алла тағаланың барлығына ақылмен ойлап иман келтіруге айрықша мән берген. Өз пікірін Құраннан, ғұламалар пікірінен мысал келтіре отырып дәлелдейді. Сонымен бірге өлеңдерінде де Құранға сүйеніп, пікірін бекіткен. Бұл бағытта жазған «Арақ-ақыл, мастық-ой, жар -хақиқат» атты өленінде:

«Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,

Молдалар маған коймақ кәпір деп ат.

 «Ақылыңа сынат, -  деп, - дәлел айтқан»

Құраннан табылады талай аят» [3, 38б] - деп Құраннан табылатын көптеген дәлелдердің шын мәнін ұғынуды айтады. Ойшыл осы өлеңін жалғастырып:

«Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,

Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат.

Жарық нұрдан жаралған Күн жоғалмас,

Бетіне перде жапсаң неше қабат,

Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы,

Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат»[3, 38б], - деп, Құранға ерекше баға береді.

Ал енді Ғұмар дүниетанымына толқалатын болсақ, оны бірқатар мақалаларда ислам дініне қарсы қойғысы келетін сипат танытып, оның кейбір дін өкілдерін сынауын ақынның дінді әшкерелеуі деп түсіндірілді. Шындығына келетін болсақ, Ғұмар еш уақытта ислам діні негізіне, имандылық жолға қарсы шықпаған, қайта оған: «Құран каримнің айтуы бойынша дін жалған нәрсе емес, адамдардың шын табиғи сенімі. Бұған қарағанда ешқандай адам дінсіз өмір сүре алмайды» [4], – деп құрметпен қараған. Немесе: «Ислам қауымындағы бірқатар адамдар нақты, ақиқат дін жолын тұтпай, дінді теріс ұғушылар пікірін малданып, қараңғылыққа, надандыққа қарай бет алды. Біз оларға: «Сіздер құдайдың нақ дұрыс жолына түсуге әрекет етіңіздер, теріс пікірлерге алданған істеріңізден дұрыс қортынды шығарыңыздар» дейміз» [2, 176б]  – деп теріс пікір ұстанып, қателіктерге ұрынудан сақтандырады. Осы орайдағы Шәкәрім, Ғұмар көзқарастарының ислам, иман  негіздері мен оның қайнар көз Құранды дұрыс түсініп, теріс пікірлі дағдарыстан шығуды айтады. Кезінде Е.Ысмайлов Ғұмардың  ислам діні  туралы көзқарасын:  «Ғұмар қожа, моллаларды, ишандарды батыл, әшкерелеп отырады, бірақ ислам дінінің негізін бекерлемейді. Құранды, пайғамбар жолын дұрыс, бұлжымайтын қағида деп біледі» [5, 98 п.], – деп әділ бағалаған болатын.

Шәкәрім өз өлеңдерінде Кұранды ұқпай, қате түсіндірген тәпсірші, молда, сопыларды катты сынға алады. Құранда бейнелі түрде айтылғандарды тура мағынасында қабылдаған молда, сопыларды мысқылдайды. «Бейісте бар сұлу жар» атты өленінде:

«Молдеке-ау олай емес қой,

Қыз құшып, жеміс жемес қой,

Мысалмен айтқан кеңес қой,

Тәпсірлеуге миын тар» [3, 59-60б], - деп, Құрандағы бейіс, тозақ туралы жазылғанды тура қабылдаған молдекенді күлкі етеді. Сонымен қатар, мысалдап айтқанды ұқпаған, тәпсірді жетік білмеген сол кездегі білімі таяз молда, сопыларды қатты сынайды. Шәкәрім Құранда баяндалған ақиқаттарды өз өлендерінде мысалға келтіріп отырған. Қасиетті Құранда: «Кейін Біз оны жатырда тұратын тамшы кылдық. Одан кейін тамшыны ұйыған қан жасадық, ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та, сүйектерге ет бітірдік, содан соң Біз оны басқа жанды зат етіп өсірдік» (Құран Кәрім, әл-Мүминун сүресі, 13-14 аят). Ал Ғұмардың діни көзқарасы бойынша, құдай орнатқан заң, ешқандай жаңару идеясын қажет етпейтін қатып қалған қағида емес. Ол шариғат заңдарынан мүлдем бейхабар қалған молдалардың ескішіл көзқарасын айта отырып, жаңа оқу, ғылым, білімді меңгеруді құдай заңы жоққа шығармайтындығына шек келтірмейді. Сөйтіп, даналар сынға алған молдалар білімсіздігі де қазіргі таңда көрініс табуда. Ғасырдан астам уақыт өтсе де, әрбір тұлға білімділігі, әсіресе дін қайраткері немесе қызметкерінің білімсіздік танытуы қоғамға теріс әсерін тигізетін үрдіс. Себебі, дін ол – халықтың рухани қазынасы болса, ол оны жеткізуші сол қазынаны көркем мінез үстіне орныққан ғылым және білім арқылы ғана сақтай алады.

Шәкәрімнің  «Иманым» цикілінің құрамына кіретін өлеңі он екі шумақты туындысы жанрлық табиғаты жағынан діни-философиялық лирикаға жатады. Шәкәрім осы өленінің аяғына жетпіс жасымда жазылған деген. Өлеңдегі тірек ұғымдар: жан, тән, иман, ақыл, ғылым, пән, анық, Құран, дін, пән, пайғамбарлар т.б. Метаұғым – дін. Өлеңнің негізгі идеясы - адамзат қоғамындағы иманның орны. Шәкәрімді діндегі «шатақ» жолдардың адамзатты адастырғаны толғандырады. Осы өлеңнің соңында ақын:

«Ғылым деп уды жегізді,

Денесіз зат жоқ дегізді.

Дәлелсіз пәнмен перделеп,

Тапқызбай қойды негізді» [3, 235б], - деп жалған ғылымның у жегізіп отырғандығын айтады. Және де бұл жалған ғылым таза, материалистік түсінікке құрылған. Қандай ғылым болмасын ол материалистік өрісті талап етеді, ол анық нәрсе. Ғылым өзі материалистік өрісте дамиды, иделистік өрісте ол анықталмайды. Бұл ғылым туралы жалпы мәселе. Шәкәрім болса, жалған ілім жасаушы ғылымды айтып отыр. Ол жалған ғылым, өзінше пән құрастырып алған, сонысымен елді адастыруды мақсат еткен.  

Алланы ғылым арқылы тануға ұмтылған Маржани мен Абайдың дәстүрін жалғастырған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш ескішілдікпен күрескен дара тұлғалар жаңашылдықты қолдады. Әр түрлі діндердің ішкі құрылымы олардың қоғамдағы бет алысы сол ұлттың данышпандарының дүниетанымына қатынасы мен олардың танымдағы желісінен қандай арнада болғанын аңғарамыз. Бұл зиялылар исламға дейінгі діндермен жете сусындаған және ислам дінін жетік меңгерген. Сондықтанда діни құндылықтар мен даналардың дүниетанымының бірлігі ақиқатты тануға бастар жолда негізгі нысана бола алады. Шәкәрім де, Ғұмар да, өз заманының осындай дана ойшылдары болғаны анық. Олар ақиқатты тану жолында жан бостандығының негізін күйттей отырып, иман жолында берік тұру арқылы неге сенсе де ғылыммен тануды басшылыққа алған. Осы үрдісті халқына ұсынған. Осы жолда даналар ұстанған бағытының халық үшін атқаратын қызметі мол. Ойшылдар ұстанған дініне жай сенумен ғана шектелмеген, оны ғылым арқылы тануға ұмтылған. Демек, Құран кәрім, Мұхаммед пайғамбардың хадистерін өте жетік меңгерген Ғұмар Қараш ғылымсыз қандай да болмасын мемлекеттің өркениетке жетуі, күмәнді екеніне көз жеткізеді. Ислам дінінің жоғары ғылыми дәрежесі ахон атағын иеленген Ғұмар дінді ғылыммен байланыстыруға ұмтылып: «Ғылымда адамның мінезі, түсінігі туралы айтылады. Бұл мәселелер діни тұрғыда қаралса да, бір-біріне қайшы келмейді» [5, 215 п.], – деп ислам діні мен ғылым біріксе, оның ықпалы күшейіп ұлттық қоғамның дамуы үшін үлкен күшке айналады деп есептеген.

Өз заманында ойшылдар қоғамдағы әділетсіздікті көріп қиналған. Бізге белгілі ықылым заманнан бері әділдік жайында жазылып жүр. Бірақ оның қоғамда басы бүтін орындалмай келе жатқаны анық. Қай қоғамда болмасын адам өлтіру, тонау және т.б. бірнеше қылмысты істердің барлығыда қоғамда көрініс тауып, бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Жасаған қылмысына қарай жазаға тартылып келе жатқан жандардын барыда анық. Заң алдында жауапқа тартылады. Осыдан қоғамда әділдік мәсслесі шешілген деп айта алмаймыз. Енді соның тамырына тереңдеп бойлайық. Пайғамбарлар осы әділдікті қоғамда орнатуға ұмтылған тұлғалар. Ойшылдар дүниетанымында әділдікті екі түрін бөліп қарастырған, біріншіден өзі өмір сүріп отырған қоғамда әділеттілікті орнатуға күш жұмсаса, екіншіден, әрбір адам өз іс-әрекетіне екі өмірде де жауапты деген қағиданы ұстанды. Яғни бұл өмірде заң алдында, о дүниеде жұмақ пен тозақтың тұрғандығын баяндау арқылы, халқын бұл өмірде жақсылық жасауға шақырады. Оған Ғұмар Қараштың «Әділ шеккі» деп аталатын өлеңінде:

Таразы ешбір қатер сақтамайды,

Қараны бір уақыт та ақтамайды.

Салмағың қанша тартса соны айтады,

Бірді олай, бірді бұлай жақтамайды.

Бәріңді болғанынша көрсетіп тұр,

Хан, төре, би екен деп мақтамайды [2, 130б] – деп жырға қосқан. Әрине, өлім мен өмір, ар мен иман, о дүниедегі жұмақ пеп тозақ бай мен кедейге, хан мен қараға ортақ. Сонда барша жамағатқа ортақ әділдік болып отыр. Сондықтанда болар Шәкәрімнің «қиянатың бар болса иманың жоқ, маған десе, мың жылдай қыл ғибадат» деген өлең жолдарынан адамның ішкі әлеміне баса назар аударып, «ар ілімін» қалыптастырған болатын. Әділетті қоғамды орнатудың қаңқасы ойшылдар дүииетанымында сомдалып, жасалынған. Бірақ ол қай қоғамда болмасын басы бүтін орындалмай келе жатқан келелі мәселенің бірі. Себебі әділетсізділікті қоғамға алып келетін адам. Ал, жиырмасыншы ғасырдың басында осы әділетсіздіктің шарықтау шегіне жеткен кезі болатын. Бұл көріністің сипатын біз XXI ғасырда да көріп жүрміз. Әділеттілік орнаған қоғам әрқашан әр мәртебесін түсірмейді, адам өмірінің құндылығын бағалайды, өзгенің хақысын жемейді, өсімқорлық пен парақорлықтан айығудың арнасына түседі. Мұндай қоғамда көрініс тапқан келеңсіздіктердің шығу себептеріне ойшылдар барынша үңілген.

Біздіңше, егеменді ел болып қалыптасып, даму стратегиясын анықтаған мемлекет барынша әділеттілік заңдылығын алға қоюы шарт, ал сол уақытта Қазақстан өзге елдің боданында болған елдің қоғамынан қандай әділдікті іздеп отыр. Мәселе осында болып отыр. Ойшылдардың дүниетанымындағы әділдік мәселесіне діни-философиялық тұрғыдан келгеніміз дұрыс секілді. Себебі «адам жүрегіндегі Алла тағала Өзінің мейрімділігімен адамға үнемі ақыл беріп, әрекетін дұрыс жолға бағыттап отырады. Халықта мұны «ұят» деп атайды. Бірақ өкінішке қарай адам өзінің жүрегінің әмірін үнемі тыңдай бермейді. Ол өмірдің түрлі «жылтырағына» алданып, жиі Құдайға қарсы [ұятына қарсы] әрекеттер жасап, оның зардабын тартып отырады» [6, 32б]. Ойшыл-ақындар ұятыңа қарсы келмесең әділдікте болғаның дейді. Ар мен ұятты мықты ұстаған адам иман жолында берік адам. Ойшылдар о дүниеде адамды иманы ғана қорғаштайтындығына кеңінен тоқталған. Сондықтанда бұл өмірде бар ғұмырыңды иман жолында қызмет етуге арна деген келелі ойлар қалдырған.

Қазіргі таңдағы күн сайын өзгеріп отырған саяси-әлеуметтік, мәдени-ақпараттық, халықаралық және аймақаралық қатынастардың ішіндегі дін мәселесі де өз маңыздылығын жойған емес. Дегенмен, бұл қазақ даласынан шыққан Шәкәрім, Ғұмар Қараш сынды ойшылдардың қылышынан қан тамып тұрған заманында еш нәрседен шімірікпей, сүбелі шығармаларды жазып қалдырған. Осындай дара тұлғалы азаматтардың әрбір шумақтағы ойы мен зерделі шығармаларына жете зер салып, қастерлей алмасақ, бүгінгі егемендікке қол жеткізген ұрпақ тарапынан кеткен кешірілмес қателік болып табылады.

Ойымызды түйіндей келе, келесі қорытындыларды жасағымыз келеді. Біріншіден, даналар дүниетанымының қайнар бастаулары мен рухани нәрлерін ұлттық рухани дәстүрлер, шығыс мәдениеттері мен мұсылмандық философиясын құрайды. Зиялылар енбектерінде ислам діні, кұдайға сену, тануы және қоғамның барлық дерлік салалары жайлы пікірлер ислам қайнар көздері Құран, хадис, шариғаттан бастау алады. Дегенмен, оның діни ағартушылық жаңашылдығы өзінен бұрын және катар өмір сүрген қазақтың ұлы ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев сияқты демократиялық үрдіске, өркениетке жетуді насихаттаумен де сипатталады.

Екіншіден, ғылым және мәдениет саласындағы ой-пікірлердің маңыздылығы зиялылар шығармашылығында үлкен орынған ие. Кеңес кезеңінде біз түсінбеушілікпен теріске шығарған қазақ руханиятының зиялылары Шәкәрім, Ғұмарлардың дәл осы ислам мәдениеті мен руханилығы идеяларын жақтады, ақыл мен ғылым адам үшін Жаратушыны ұғынуға жол ашады деп есептеді. Қазіргі діни жағдайдың құбылмалы шағында ислам мәдениеті мен философиясының негіздерін теориялық негізде тереңірек зерттеу, исламның рухани-адамгершілік қуаты мен гуманистік бағытын айқындау ерекше маңызды мәселе екендігі белгілі. Осыны дамыту арқылы ғана рухани жаңғыру, халықтардың өзара түсіністігі мен өзара келісімділігі, толеранттылық басты нәрсе болып саналатын исламның ұстындарына надандық пен кібірлік, зұлымдық пен бүліктің қайшы келетіндігін дәлелдеуге болады. Бүгінгі күні қазақстандық ғалымдарға бұрынғы идеологиялық таңбалардан арылып, қазақ ойшылдарының шығармаларына және оның ғылымға қосқан үлесіне жаңаша көзқараспен қараудың мүмкіндігі туды. Осы бағытта көптеген ғылыми еңбектер қатарының толтырылуы қуантарлық жағдай.

Үшіншіден, қазіргі таңда ерекше мәнге ие болып отырған діни топтар мен бірлестіктердің мәселесі де қозғалады. Экстремистік көңіл-күй біздің елімізде жатжерлік діни ағымдар тарапынан байқалып отырғандығы мәлім. Әсіресе, төзімсіздігімен ерекшеленетін шетелдік түбірге ие кейбір ислам жамағаттарының әсері аңғарылады. Бұл жастар арасына таралып отыр. Атын атап, түсін түстемесек те, жалпы жұртшылыққа белгілі бұл кері ағымдар рухани ізденіс үстіндегі жастардың танымы қалыптаспағанын пайдаланып әрекетін іске асырмақ ниетте. Осының салдары діни білімнің таяздығынан, ата-ана тәрбиесінің немқұрайлылығынан деп ойлаймыз. Бұл тек бірнеше ғана мысал. Оның себеп-салдарын жан-жақты қарастыруға болады. Заңмен дінге қатысты қатаң саясатты бекітіп тастаудың да қаупін ескерсек, біздің мақсатымызда зайырлы қоғамымызда барынша конституциялық құқықтарын сақтай отыра, халықты діни ағарту мәселелеріне көңіл бөліп, оның неғұрлым дұрыстығын қадағаласақ, соғұрлым жақсы нәтижені аларымыз анық.

Қорыта айтқанда, қазақ зиялыларының діни дүниетанымынан шыққан туындылары – шығармашылығының жемістері әлі де зор қолданбалы маңызға ие. Шәкәрім және Ғұмар Қараш та адамдық болмысымен, еліне қадірлі, сыйлы болған, алған атағымен, естіген өз заманындағы нақағымен де, тартқан азабымен де, кешкен зардабымен де төл тарихымызбен, ұлттық руханиятымыздан бүгінде ешкім бөліп жара алмайды, себебі олар халқымен біте қайнасып кеткен ерен тұлғалар. Даналар танымынан біздің аңғаратынымыз қашанда халқының басына қандай күн тусада, рухани жағынан кемелденуге шақырғандығындығына көзіміз жетеді. Себебі рухы зор халықты ешқандай күш басып ала алмайды, оны көшпенді қазақ халқы тарихтың әр кезінде айқын дәлелдеген. Сондықтанда өз заманының кесек тұлғаларының өзін және олардың қыл қаламынан туындаған шығармаларын, сол шығармалардың өзегіне айналған өміршең идеяларын біз және болашақ ұрпақ қастерлей білуі керек.

  Әдебиеттер тізімі:

 1.Құдайбердиев Ш. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер.– Алматы: Жазушы, 1988. – 560 б.

 2.Қараш Ғ. Замана. – Алматы: Ғылым, 1994.  – 240 б.

 3.Шәкәрім. Иманым. – Алматы: «Арыс»баспасы, 2000. – 321 б.

 4.Қараш Ғұмар. Қазақтар хақында //  Шура. – 1911. – №10. – 298-299 б.

 5.Ысмағұлов М. Ғұмар Қарашев. Қолжазба. Батыс Қазақстан облыстық тарихи - өлкетану мұражайы  (БҚОТӨМ),   М.Ш. Ысмағұлов қоры.

 6. Омаров Д. Ұлылар үндестігі.  – Алматы: «Санат», 1999. – 176 б.

Алияров Е.К., саяси ғылымдарының докторы, профессор

Нуров М.М.гуманитарлық ғылымдар магистрі

                                                                                                                                                  

 

Елбасы мемлекет атауын өзгерту туралы мәселені халық назарына ұсынғаны белгілі. Бұл идея «Мәңгілік Ел» идеясымен тұстас мерзімде көтерілді. 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Н.Назарбаев «Мәңгілік Ел» болу ұлттық идеяға айналуы керек деген ойын айтқан болатын. Бір айдай уақыт өткеннен кейін, Атырау облысында болған жұмыс сапарында «Қазақ Елі» атауы Қазақстан атауын алмастырса дұрыс болар, - деген пікірін ұсынды.

      Сөз жоқ «Мәңгілік Ел», «Қазақ Елі» ұғымдары аса тартымды. Қай мемлекет ұзақ тарихи мерзімде өмір сүретін «Мәңгілік Ел» болғысы келмейді. Ал, осындай елдің аталуы «Қазақ Елі» болғаны тіптен қуаныш. Бұлай болуы тәуелсіз мемлекеттің табиғаты мен мазмұнына сәйкес келетіні анық. Себебі, ресми деректердің өзінде елдегі қазақ ұлтының үлес салмағы 66 пайыздан асқан. 22 жылда Қазақстанның этнодемографиялық картасы түбегейлі өзгерді. Егер 1991 жылы елдегі қазақтардың үлес салмағы 41 пайыз болса, қазірде бұл көрсеткіш 25 пайызға артты. Елдегі табиғи өсім негізінен қазақ халқы есебінен жүруде. Демек, қазақ ұлтының үлес салмағы өсе береді деген сөз. Яғни, Қазақстан шын мәніндегі қазақтар еліне айналып келеді. Мемлекеттің  моноұлттық демографиялық пішіні  нығая түсуде.

      Сонымен қатар «Қазақ Елі» атауына көшу бүткіл ел бойынша біршама шығындарды қажет етеді. Біріншіден, Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуын «Қазақ Елі» деп өзгертуге тиістіміз. Мемлекеттік Туға өзгерістер қажет бола қоймас. Ал, Әнұранның қайырмасының соңғы «Қазақстаным» сөзін де «Қазақ Елім» деп ауыстыру қажет шығар. Ел бойынша барлық мекемелердің ресми атауларын, мөрлерін, бланктерін, маңдайшаларын түгелдей өзгертуге міндеттіміз. Демек, символдардың өзгеруі жай ғана ауызбен айтыла салатын шаруа емес. Мемлекеттік іс қағаздар жүйесі, атаулар түгел дерлік жаңа, ресми атауға сәйкес болуға тиіс. Астанадан бастап әрбір қала, қалашықтар мен ауылдар бұл істі қолға алуға дайын болғаны абзал.  

      Мемлекет «Қазақ Елі» деген атауға ие болған жағдайда ірі қалалар мен елді мекендердің атауларының орыс, немесе басқа тілдерде болғаны ақылға сыйымсыз. Сондықтан «Қазақ Елі» тарихи топонимиканы толық қалыпқа келтіреді. Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск деген ірі қалалардың атауларын мемелекеттік тілге ауыстыру бірінші кезекте іске асырылуы керек. Олай болмаса қалайша «Қазақ Елі» болмақшымыз. Сондықтан елдің қазақтық этникалық келбетін толықтыратын шаралар ешқандай кешеуілдемеуі керек. Олардың басым көпшілігі бүгінгі күннен бастап іске асырыла бастауға тиісті. Қазақстан билігінің  қолын ешнәрсе байлап тұрған жоқ.

      Сонымен қатар, «Қазақ Елі» болу тәуелсіз мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңге айналмақ. «Қазақ Елі» сөз жоқ постиндустриалды, әлеуметтік, демократиялық, құқықтық мемлекет болады. Бұл дегеніміз қазақ этносының озық гуманистік құндылықтарының, дәстүрлері мен тәжірибесінің адамзаттың жеткен ортақ озық құндылықтарымен және технологиясымен қауышуы болмақ. Қуатты ел болу үшін біздің қазақтық құндылықтарымыз  жеткіліксіз. Ол қоғамның маңызды рухани тірегі болатын сегментке айналады. Ал, экономика, қаржы, ақпарат пен технология дамыған, озық мемлекеттер үлгісімен жасалуда. Демек, «Қазақ Елі» ұлттық пен жалпыазаматтықтың синтезі. Тек қана ұлттық құндылықтар мен тежірибелер бәсекеге қабілетті қоғам құру үшін жеткіліксіз.

      Қазіргі Қазақстанның 22 жылдағы табыстары жаман емес. Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтар еңсеріледі. Ел тұрақты эволюциялық даму жолына түсті. Нарықтық экономика негіздері жасалынды. Елдің саяси жүйесі мемлекетті толықтай басқаруға қауқарлы. Қаржы-финанс жүйесі қалыпты қызмет ете бастады. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді субъектісіне айналды. Одақтас мемлекеттермен бірігіп Евразиялық экономикалық қауымдастықтың іргетасы қалануда. Жаңа Одақ та ел халқының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек. Үкімет ел экономикасының шикізаттық сипатын жеңуге бағытталған индустрияландырудың және инновациялық экономика құрудың кешенді шараларын іске асыруда. Бірақта қоғамды алаңдатып шешілмеген, қайшылықты мәселелер де баршылық.

     Бүгінгі билік Қазақстанның ертеңі не болады деп ойлағаны абзал. Қазақстанның табысының 3/1 бөлшегі табиғат ресурстарын сатудан келіп отырғаны ақиқат. Ертең «мұнай, газ, түсті металлдар қоры» таусылғанда не боламыз? Шикізаттық экономикаға қатысты халық ерекше алаңдаулы. Қазіргі халықты толғандыратын ең өзекті мәселе осы. Билік бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп отырғандай.Үдемелі индустриалды инновациялық даму саясатынан әлі тиімді нәтижелер жоқ. Керісінше ел экономикасы сапасы төмен, артта қалған Ресей экономикасына тәуелді болуда. Ресей де шикізат сатуға сүйенген ел. Оның технологиясы мен техникасына кіріптар болу Қазақстанды саналы түрде артқа тарту болмақ. Сол себепті проресейлік элитаны тезге салатын уақыт жетті. Ресеймен тату көршіміз. Бірақ экономикамыз оған тәуелді болмағаны жақсы. Қазақстанға даму тынысын ашатын тек қана Елбасы жақтаған «Еуропаға жол» саясаты. Батыстың озық саяси жүйесін, озық технологиясы мен бәсекелестікке негізделген, сапаны әкелетін  экономикасын ғана қабылдауымыз керек. Қазақ ұлтының өз руханияты мен мәдениеті осы озық экономикалық құрылыспен қауышса зор табыстар келері сөзсіз. Батыс бізге дайын ең озық сапалы технологиясын ұстата салмайды. Соның үлгісінде қазақстандық сапалы технология жасауымыз міндет.

     Қазақстанға Батыстық, американдық бұқаралық мәдениеттен келер пайда  жоқ. Біз өз мәдениетімізді жаңа экономикалық тәртіптерді қалыптастыру жағдайында жаңғыртуға міндеттіміз. Қазақтың дәстүрі, тілі, ділі мен өркениеттің ең биігіндегі шаруашылық қарым-қатынастарына жауап бере алатыны даусыз. Мәселе, қауіпсіз, тұрақты дамудағы, халқының «қарны тоқ, көйлегі көк» мемлекет құруда. Ондай мемлекет қазіргі заманда Қазақтанның Конституциясында көрсетілген «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік» мемлекет болмақ. Азаматтардың құқықтары қорғалып, ұлттық өмірдің ойдағыдай дамуына жағдай жасалынады. Дін бостандығы сақталып, азаматтардың діни сенімдері қорғалады. Дін арқылы бөлінуге, саяси жүйеге зиян келтіруге  тиым салынады. Елде барлық қатынастар заңмен реттеледі. Заңды бұзушылықтың қандай түрі болмасын қатаң жазаланады. Мемлекеттің ортақ байлығы ел халқына, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қызмет етеді. Қазақстанға керегі осындай мемлекет құру. Ұлттық идея, мемлекеттік идеология және басқарушы элита осы түсінікті және анық құндылықтар мен мұраттарға ғана қызмет етуге тиісті. Өкінішке орай Қазақстан осы міндеттерді шеше алмай отыр. Ел халқының экономикалық мүдделері аяққа тапталып, әл-ауқаты жақсарылмауда. Кейбір деректерге қарағанда елден кетуге халықтың 28 пайызы бейім екен. Байлық пен кедейлік арасындағы айырмашылық асқына түсуде. Қазақстан азық-түлік өнімдерімен, киім-кешекпен, тұтыныс заттарымен, техникамен өзін-өзі мүлдем қамтамасыз етіп отырған жоқ. Тіптен инемен, түймеден бастап ұшаққа дейінгі қажетті заттар мен құралдарды түгелдей сатып алудамыз. Табиғат ресурстарын сатудан түскен миллиардтаған долларлар жаңа өндіріс пен тауарларды жасауға жұмсалмай желге ұшуда. «Қазақстан жасаған» деген белгісі бар тұтыныс тауарлары жоқтың қасы. Бұл дегеніміз Қазақстанның «азық-түлік қауіпсіздігі», «әлеуметтік қауіпсіздігі» қатерлі жағдайда деген сөз. Өмірге қажетті барлық өнімдер мен тауарларды айтпай-ақ қоялық. Ал, ең  негізділерін Қазақстан экономикасы өндірмесе болашақ бұлыңғыр болатыны анық. Біздегі бар сапалы нан өнімдерімен қоса, ет, сүт, май, көкөніс өнімдерімен ішкі сұранысты толық қамтамасыз етудің мемлекеттік шаралары іске асуға тиісті. Бұл бірінші міндет, басымдылық болмақ. Екінші, басымдылық тұтыныс заттарын бәсекеге қабілетті сапада өндіру. Киім-кешек, аяқ киімді өндіруге қажетті жүн, тері өңдейтін жеңіл өнеркәсіп саласын жандандыру, екінші кезектегі міндет болмақ. Үшінші міндет, қалалардың әр қайсысының мүмкіндігіне және қабілетіне қарай, әлемдік нарық талаптарына сәйкес өндіріс орындарын қалпына келтіру, немесе жаңадан ашу. Мысалы, Семейдің тоқыма, киім тігу өндірістерін ауыл шикізатын  пайдалану үшін қалпына келтіру. Осындай бағдарламалар ғана жұмыссыздықты болдырмай елдің жаңаша дамуына мүмкіндік туғызатынына сенім мол.

     Қазіргі әлемдік, жаһандық тыныштықты пайдаланып қара халықтың жағдайын толық дұрыстап алмасақ кеш болып қалады. Қазақстан халқының  әл-ауқатының жақсаруы болашақ күшті ел болудың ең шешуші кепілі. Қазақстанда халықтың жақсы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін кең жер, қазба байлықтары, білікті кадрлар барлығы бар. Тек осы мүмкіндіктерді дұрыс ұйымдастыру жетіспейді. Ұйымдасқан қылмысты, жемқорлықты, қазақ ұлтының түрлі жікке бөлінуін тоқтату қуатты мемлекет құрудың кепілі болар еді.

     Дамыған мемлекет құрудың ең тиімді жолы дұрыс шешімдер қабылдап, қоғамдық дамудың тынысын ашатын жолдар табу екендігі белгілі. Алайда осы шындықты ұмытып кетеміз. Мемлекеттің иесі халық. Халықсыз қоғам да, мемлекет те болмайды. Ал, халықтың дамуы мен тәрибеленуінің тірегі ұлттық мәдениет. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық мәдениетке зор нұқсан келді. Кеңес Одағы кезеңінде күйреуге шақ қалған ұлттық мәдениетті көтерудің кешенді шаралары іске асырылмады. Соның салдарынан ізгілікті мазмұндағы ұлттық мәдениетті бұқаралық орыс және батыс мәдениеттері  алмастыра бастады. Қазақтың тілі, дәстүрлі ән өнері, салт-санасы, ділі, би және ұлттық ойындарын жаңғырту эпизодтық қана сипат алып, өмір салтына айналған жоқ. Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік құлдыраудың негізгі себептері осында. Қазақ ұлтының гуманистік потенциялын қалпына келтірмейінше Қазақстанда мәдени жаңғырту үрдісі болмақ емес. Қазақтың рухани құндылықтарын қалпына келтіріп қана дамыған өркениет пен мәдениетті халықты тәрбиелей аламыз. Орыс пен батыс мәдениеті Қазақстан қоғамының іргетасын біртіндеп ыдыратып, ел халқын бөлшектейтін факторлар екендігін басқарушы элита әлі де ұғына алмай жүр.

     Бөтен мемлекеттер мен халықтардың ұлттық құндылықтары мен мұрат-мақсаттары Қазақстанға қызмет ете алмайды. Ел халқының өзекжарды міндеттерінің барлығы Қазақстан қоғамының ішкі даму талаптарынан туындайды. Елдің табиғатын оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени мазмұны мен ішкі  трендтері айқындайды. Осыларды есепке алмай басқа мемлекеттердің даму модельдері мен ерекшеліктерін өзімізге көзсіз енгізуге ұмтылу аса зиян. Бұлай болуы түптің-түбінде дамуды тежейді. Әрине, бұл ойдан әлемдік ғылым, техника, технология және ақпараттың озық үлгілерін алмаймыз деу емес. Қазақстан өзіне қажетті заманауи жетістіктерге есігін ашып қояды. Сонымен қатар, ұлттық мақсаттарға қызмет ететін жетістіктерге ден қояды. Олардың ұлттық озық құндылықтарымен үндесуін қамтамасыз етеді.

     Қазақстан халқы отарлық биліктің әлегінің барлығынан өткен халық. Патша өкіметі қазақты бодандық бұғауына салса, коммунистік режим әбден қорқытты, қырып-жойды, аш-жалаңаш жылдарды бастан кешіртті. Сонымен қатар, отарлаушылар қазақ халқының ұлттық ар-намысын, өзіндік төл белгілерін жоқ қылуды көздеді. Тәуелсіздік жылдары халықтың отарлық,  бағыну санасынан құтқарудың жүйелі мемлекеттік шаралары жүргізілген жоқ. Халық дүниетанымы енді ғана өзгеріп келеді. Қазір биліктің кемшілігін, қателіктерін, алдайтындығын жұрттың басым көпшілігі түсіне бастады. Ел бойындағы қорқыныш та біртіндеп сейіліп келеді. Халықтың «түрлі-түсті революциялардан», өзара жауласудан, әлеуметтік және ұлттық алауыздықтан ешқандай пайда жоқ деп есептейтіндігін әлеуметтік зерттеулер дәлелдеуде. Көтерілістер мен төңкерістерден де пайда жоқ екендігін ел халқы біледі. Сондықтан халықтың басым көпшілігі осындай радикалды әрекеттер болуын қаламайды, төңкерістерге шақырушыларды жақтамайды. Билік осы саяси ахуалды түсінеді де, халықтың мүддесіне қайшы келетін шараларды жасай береді. Бірақта бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Халық шыдамы таусылған кезде не болмақ? Қоғамдық тұрақтылық пен келісімге зиян келмей тұрып биліктің қарапайым халықтың табиғи мүдделерін ойлауға кіріскені өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы.

     Халықтың қатты наразылығының болмауынан, мұнай-газ секторынан түскен ақшадан, рахат өмір мен байлықтан көзі тұманданған билік ел мүддесіне қызмет етуде мүлдем селсоқ. Халықты алдау, өтірік уәделер беру, болашақтағы жақсылықтарды айтудан әбден қажыды. Оған дамыған мемлекеттердегі сияқты адамға сый-құрмет, еңбектің  бағалануы, жеке бас құқықтарының қорғалғаны ауадай қажет. Елді қорқытып, алдап-арбап, бөлшектеп басқаратын билік керек емес. «Мәнгілік Елге» сай келетін демократиялық принциптерді ұстанатын, заңды қатаң сақтайтын билік керек.

     Қазақстанда жүйелі түрде жүргізілетін адамгершілік, ұлттық-рухани құндылықтарға негізделетін мемлекеттік идеологияның қалыптасуының салдарынан ұлттық сананың біртіндеп жойылу құбылысы байқалуда. Халықтың кейбір әлеуметтік топтарында отаншылдық сезімі мүлдем жоғалды деп айтуға болады. Әсіресе, ірі бизнес өкілдерінің ұстанымы қауіпті. Ел бизнесмендерінің басым бөлігінің шетелде үйлері бар, негізгі қорларын офшорлық аймақтарға аударып жіберген. Олар Қазақстанда тек тікелей бизнес жүргізіп, ақша табады. Мысалы, бейресми деректерге қарағанда қазір Англияда 40 мыңдай қазақтар өмір сүруде. Соның ішінде Лондон қаласында 10 мың қазақ бар. 40 мыңның 7 мыңдайы студенттер десек, қалғаны елден кеткен қоңды қазақтар. Кедейлер мен орта тап өкілдері ол жаққа бара алмайды.

     Осы деректерден Қазақстанда ұлттық идеологияны жаһандану идеологиясы алмастырғанын байқауға болады. Соның нәтижесінде отаншылдықты жеке бастың эгоистік мүдделері жеңе бастады. Ақша жинап, қорланып алсаң саған ешқандай Отан керек емес. Қай мемлекет жаныңа қолайлы болса сонда өмір сүруге болады деген таным. Өкінішке орай ел билігі өз бизнесмендеріне адал, қолайлы, талаптары әділетті бизнес ахуал жасап отырған жоқ. Ауылда жерге жеміс егіп отырған шаруалар да азая түсуде. Себебі, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі өз бағасын ала алмай отыр. Олардың табысы жеткіліксіз болғандықтан ауыл жастары  жермен жұмыс істемей қалаға ағылуда. Кең байтақ Қазақстанның көптеген аймақтарында өте зор мөлшердегі жерлер иесіз, күтімсіз қалуда. Иесіз жердің болуы, көп болуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне зиян екендігі белгілі.

     Сондықтан елді мегаполистердің дамуымен қатарласа оны азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауыл дамуы керек. Ауыл шаруашылығы өркендемей «Мәңгілік Ел» орната алмаймыз. «Мәңгілік Елдің» ең алдымен қарны тоқ болуы керек. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы көп сөзден, іске көшетін мезгіл жетті. Ұнмен қоса, ет, сүт, май, көкөніс пен жеміс-жидектерді экспорттауға қабілетті мемлекетке айналсақ қана шын мәніндегі «Мәңгілік Елге» айналамыз. Азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздігінің іргетасы.  Жаһандану және экологиялық апаттар заманында азық-түлік мәселесін шешуге қол жеткізу стратегиялық мақсаттардың барлығын шешуге көмектеседі. «Мәңгілік Ел» болған жақсы. Әділетті, азаматтары заңмен қорғалған, билік халыққа қызмет ететін, балалары мен қарттары қамқорлықта болатын ел тіптен жақсы. Осы тұрғыдан қарастырсақ «Мәңгілік Ел» идеясының жаңа қырлары ашыла түседі. Әрине, «Мәңгілік Ел» ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруге, бәсекелестікке қабілетті ел. Ол үнемі өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, дамудың жаңа жолдарын, бағыттарын тауып отыруға тиісті. «Мәңгілік Ел» жаһандық өзгерістерге, қауіп-қатерлерге, қайшылықтарға жауап беруге қабілетті ел ғана бола алады. Замана дауылдары тас-талқан етсе «Мәңгілік Ел» жоқ болады. Сондықтан қандай да болмасын қиыншылықтарды жеңе алуға қабілетті бола алсақ қана Қазақстан «Мәңгілік Ел» бола алмақ.

     Мемлекеттік билік халқына қамқор болып, онымен есептескен ел ғана «Мәңгілік Ел». Демек, билік пен халық өз Парламенті қабылдаған заңдарды қатаң орындаулары міндетті. Заңды кім бұзса да жазалануы әділдік. Заңның салтанат құруы ғана  мемелекеттің тұрақты және баянды дамуының кепілі. Сонымен қатар билік заңдардың сапалы, қоғамдық қатынастардың әрбір салаларына сәйкес, дұрыс болуына жауапты. Тар корпоративтік мүдделерді қолдайтын заңдардың қабылдануы дамуға бөгет және зиянды. Заң халықтың және ел шаруашылығының ортақ мүдделерін қоғауға тиісті. Қазақстан халқы момын, шыдамды, толерантты халық.  Ел халқы еңбектен, қиыншылықтары мол шаруалардан қашпайды. Бірақта халық момын екен деп билік ойына келген «ойындарды» жасай беруі қауіпті. Халық шыдамы шексіз емес. Халқына сатқындық жасап, оны алдап, мүдделерін аяққа таптап жүрген биліктің болашағы баянсыз. Биліктің баянды болуы  халықтың қолдауына тәуелді. Қазақстанда билікке жеткендердің басым көпшілігі қарапайым жұртқа танауын шүйіре қарауды әдетке айналдырады. Биліктің халық пен мемлекет үшін қызмет ететінін ұмытып кететіндер басым. Қазақстан чиновниктері негізінен билікті байлықтың, атақ алудың, басқаларға ықпал етудің, өзіне жақтастар жинаудың, туыс-жақындарына көмек берудің жолы ретінде қарастырады. Биліктің халықтық және жасампаздық сипаты мүлдем ұмыт қалады. Билік бақыты халқына қызмет ету екендігін ұмытпау абзал.

     Адал болу арам болудан әлдеқайда қиын. Адалдық оңай болса елдің барлығы адал болуға ұмтылар еді. Адал болу дегеніміз - әділетсіздікке төзбеу, шындықты үнемі жақтау. Қоршаған адамдармен тек әділеттілік талабы тұрғысынан қарым-қатынас жасау. Өзіңе де басқалардың әділетті болуын қалау. Әділетті адамдар өзінің ары мен моралына қайшы келетін істерге бармайды. Сондықтан әділетті адамдар көп жағдайда материалдық байлыққа кенеле алмайды. Ал, өтірікпен, алдаудан, жағымпаздықтан қашпайтындар көп табыстарға, байлыққа тез жетеді. Қазақстанда нарықтық қатынастармен бірге осы екінші топтың идеологиясы басым бола түсті. Қандай жолмен болмасын ақша тап. Билікке жету үшін тамыр-таныс жағала, пара бер. Адалдықты, заңды ысырып тастап, айналып өт, - деген әділетсіздікке бастайтын принциптер қанат жайды.

     Мансап жасаудың білім, талап, біліктілік жолы емес, жоғары тұрғанға жағыну, билік партиясына кіру, шындық пен қарапайым халық мүдделерін таптап өту, өзінің жаман ниетіңді бүркемелеу жолдары таңдап алынуда. Бұлай болуы әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етуде. Қоғамның саяси жүйесінің кадрлық жүйесінің іріп-шіруіне әкелуде.     

     Отаншыл, мемлекетшіл кадрлар орнына мансапшыл, менмен, парақор, білімсіз кадрлар келуде. Ал, қарапайым халық көпшілік бола тұра үнсіз, биліктің істеп жатқан әрекеттеріне самырқау. Билік халықтың тыныштық пен бейбітшілікті қалауын өзінің эгоистік мүдделерін іске асыруда  пайдалануда. Осы істерімен билік халықтан алыстай түсуде. Билік иесі болу, байлық иесі болумен бірігіп кетуде.

      Билікке сын айту, кемшілікті, қателікті көрсету ұнамайды. Елде билікті түзеп, сынап-мінеп отыратын оппозиция тым әлсіз. Билік оппозицияны түрлі айла-әрекеттермен бөлшектеп, талқандап тастады. Оппозицияның ең беделді серкелері өліп кетті. Билік оппозицияның жау емес екендігін, оның талаптарының әділеттілікті орнатуға көмектесетіндігін түсіне алмай қойды.

      Қазақстан билігі заңның салтанат құруынан қорқады. Билікті бір адам ұзақ мерзімде ұстап тұруы зиянды екендігін әлемдік саяси тәжірибе ұдайы дәлелдеуде. Халық ұзақ уақыт билеп-төстеген, әділетсіздік пен алдауды ұстанған басшыларды кешірген емес. Оның дәлелі Ирактағы – Саддам Хусейн, Либиядағы – Муаммар Қаддафи, Египеттегі – Хосни Мубарак, Сириядағы – Асадтар әулеті т.б. Ақылды басшы заңмен басқарылатын қоғамның дұрыстығын, биліктің міндетті түрде ауысып тұруының қажеттілігін біледі. Адамдар ойдағыдай, тыныш өмір сүру үшін бостандық пен демократия ауадай қажет. Заңға негізделген, азаматтары қоғам туралы ойлауға қабілетті мемлекет қана баянды. Ондай елде билік үнемі сынның астында. Қоғамдағы сынау ахуалы билікке дұрыс басқаруға көмектеседі. Сондықтан билік сыннан сабақ алып, ел дамуна қажетті пікірлерді үнемі іске асырып отырса ел бәсекеге қабілетті болмақ. Билікте сынмен бірге өмір сүретін, саяси бәсекелестерін жау көрмейтін тәжірибе қалыптасуы абзал. Сынаушылар  мен оппозицияны жау көрген билік демократиялық, бостандықтағы мемлекет жасай алмайды.

      Қазақстанда билікті тезге салып отыратын жүйелі оппозиция әлсіз. Билік халықтың қандай да болмасын наразылығынан қорқып, ондай шараларды болдырмауға тырысып бағады. Ал, шындығында қарапайым халыққа ешқандай революция, төңкерістер мен қырқысулар қажет емес. «Түрлі-түсті революциялардың» қоғамды кері кетіретінін халық жақсы түсінеді. Халыққа керегі оның мүдделерінің қорғалуы, оның үнінің естілуі. Әділетсіз тәртіптердің қарапайым азаматтарды басып тастамауы. Халық тарихын, мәдениетін, тілін, өнерін, дәстүрлерін дамытып, өз Отанында еркін сезініп, бай-қуатты өмір сүргісі келеді. Ел халқына осы ғана керек. Ол өз мемлекетінің күшейе түскенін, қуатты бола түскенін жан-тәнімен қалайды. Осы ұлы іске үлесін қосқысы келеді. Сондықтан билік жасампаз еңбекке, білімге, талапқа және талантқа жол ашатын шараларды күнделікті тәжірибеге айналдыруға тиісті. Ол үшін зиялы қауымның қоғамға ықпалын неғұрлым жақсарту пайдалы. Білімділер, ғалымдар, өнерлілер қоғамдық өмірдің барлық салаларына ықпал ететін ахуал қалыптасуы қоғамды жақсартады. Тек қана билік өкілдері нұсқау, бұйрық арқылы қоғамды жақсарта алмайды. Зиялы қауымның озық өкілдерінің халыққа пайдалы ойлары, идеялары, пікірлері ұдайы насихатталса ғана қоғамдағы адамгершілік ахуал жақсарады. Бұл істе дәстүрлі ислам дінімізді де рухани тірек ретінде кеңінен насихаттау тиімді.

      Ірі бай қазақтар ғана Батыстан пана таба алады. Ондайлар тым аз. Қарапайым адам Батыстан бақыт таба алмайтындығын ұғынатын мезгіл келді. Онда да тамақ, бензин, коммуналдық төлемдер өте қымбат. Халықтың тең жарымы кредиттерге өмір кешеді. Тапқан-таянғанын қарызын төлеумен жүреді. Сонымен қатар Батыс елдерінде нақты демократия мен бостандықтар бар. Ең басты бостандық ертеден қара кешке дейін аянбай, тер төгіп еңбек ету. Жұмысыңды жоғалтсаң қайыршы боласың. Әлемдік дағдарыс жағдайында Батыста жұмыссыздық тіптен күшеюде. Мысалы, Испанияда еңбекке жарамдылардың 20 пайыздан астамы жұмыссыз. Грецияда бұл көрсеткіш тіптен 25 пайыз. Сондықтан елдегі халық Қазақстанға ғана тағдырын байлағаны ләзім. Осы жерде «басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық мақалының терең  мағынасын түсінесің. Қазақ баласы басқа елден бақыт таба алмайды. Өз елімізді жөндеп, жерімізді көгертсек қана дамыған елдер қатарына қосыла аламыз. Ең бастысы дұрыс мемлекет жасай аламыз. Дұрыс мемлекет дегеніміз – адамдар еркін сезінетін, болашаққа сенімді, еңбек етуге және табыс табуға мүмкіндік беретін мемлекет. Мұндай елде билік халық алдында есепті және жауапты болады. Билік заңдар шеңберінде қоғамдық қатынастарды реттейді, басқарады және бақылайды. Бұқаралық ақпарат елдегі, әлемдегі шындықтарды бүркелемей, өзгертпей халыққа жеткізіп отырады.

      Өкінішке орай Қазақстандағы мемлекеттік биліктің кейпіне көңіл толмайды. Қазақстан халқына, билігіне өтірік пен жалғандыққа негізделген мемлекет міндетті түрде ыдырайтындығын түсіну қажет. Қоғамдағы тамыр-таныстық, жалғандық жас ұрпақтың моралдық қалпын бұзатыны, елді азғындататыны ақиқат. Халық өтірікке, өсекке, көзбояушылыққа ұрынса мемлекет әлсірейтіндігі, оның қорғаныс механизмдері жұмыс істеуге қабілетсіз болатындығы шындық. Билік қарттарға, мүгедектерге, балаларға қамқорлық жасаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастыруға ынтасыз. Себебі, оған қаржы бөлу керек. Балалар бақшасында, мектептерде, интернаттарда балалар аш құрсақ болып күн кешуде. Тамақтардың сапасы мен нәрлілігі сын көтермейді. Оны жөндейтін билік жоқ. Зейнеткерлердің пенсиялары адам күлерлік деңгейде. Билік оларға да нақты көмек көрсетпей отыр. Шал-шауқандар кедейліктің қамытын шешпейтіндей киді. Осыларға қарамай өтірік мақтау, барлық шаруамыз жақсы келе  жатыр деп халықты алдауға ұмтылу зиянды екенін ұқпай қойдық. Мемлекет байлығын талан-таражға салып, ұрлағандарға сот жоқ.

      Ең ұяттысы ресми деректер бойынша 9000 баланы 22 жылда шет елдіктерге асырауға беріппіз. Сонымен қатар миллиардтаған доллар ақшаны түрлі сауық-сайранға жұмсаудамыз. Сол ақшаға 9000 жетімді 900 жылдай асырауға болады емес пе? Демек, Қазақстан билігінде жетімдерге деген аяушылық пен қамқорлыққа ниет жоқ. Мемлекет 9000 баланы өзі асырап-сақтап, оқытып тәрбиелесе 9000 патриотты дайындап шығар еді ғой. Оларға арнап 14 облыстан 14 жаңа интернат, немесе балалар үйлерін қосымша салуға қаражат жеткілікті ғой. Өкініштісі, ниет пен аяушылық жоқ. 9000 бала бүгін бір ауыл, ертең бір қаланың халқы екендігін де естен шығарамыз. Билікте болашақ, ел ертеңін ойлау қабілеті нашар. Жетімдерін сатып жатқан ел қалайша қасиетті ислам дінін ұстанады, қалайша әлемдік қауымдастық алдында мақтанады. Батыс халқының қазақ жетімдерін алып, бала қылып тәрбиелеп жатқандарына алғыс айтып, бас иуіміз дұрыс. Біздің бөбектер сол жақта бақытты балалық шақтың не екенін біліп жатыр. Біз өзіміз оларға осы жақсылықты мүмкіндігіміз бола тұра сыйлай алған жоқпыз. Балалар мен жасөспірімдердің құқықтарының аяққа тапталуы жүректі ауыртады. Ау, ағайын қайда бара жатырмыз. Бабалардың ізгілікті сапаларын  неге қабылдай алмай қалдық. Бірнеше мың жетімге қамқорлық көрсете алмау мемлекетшілікке сын ғой. Жас өскіннің гүлдемей жатып сөнуі ел болашағына зор қауіп екендігін биліктің түсінгісі жоқ.

      Билік өтіріктің, ұрлық пен параның ұясына айналуда. Министрлер, әкімдер, ірі басшылардың байлықтарына әлем таңданады. Бұл байлық қайдан келді. Әрине, мемлекет қаражатын жымқырудан келеді. Ірі басшылардың жақын туыстары да түгел байып алған. Олар байлықты қалай жинағанын халық сезінеді. Ештеңе істей алмайды. Сондықтан балаларымыз басшы органдарда қызмет етсе деп армандайды. Ал, қарапайым халық өкілдерінің арасынан билікке некен-саяқ адамдардың ғана қолы жетеді. Биліктегілер тек өз балаларын, өз жақындарын, жақтастарын ғана қамқорлыққа алып, өсіреді. Билікке талантты, ақылды, білікті кадрлар емес, өзіне берілген, оның айтқанымен жүретін кадрлар керек. Осындай жағдай да билікке дарынсыздар, жағымпаздар, көзбояушылар көптеп келеді. Адал еңбек, маңдай тер, сол саланың білгірі болу мансаптық қызметке жол аша алмайды. Біліксіз кадрлардың көбеюі кесірінен қоғам кері кете түсуде. Билікте бәрі жақсы, ешқандай мәселе, қайшылықтар жоқ дейтіндер басым бола түсуде.

     Билік Қазақстанның төл ерекшеліктеріне назар аудармай, Батыстың стандарттарын көшіріп алып, елге енгізуге құмар. Батыс қоғамы материалдық байлыққа қол жеткізгенімен моралдық деградацияға ұшыраған қоғам. Қазақстан одан экономиканы ұйымдастыру, сапалы тауар өндіру мен ғылым үлгілерін алғаны ләзім. Сондықтан билікке ислам құндылықтарын насихаттау, халықты адамгершілікке тәрбиелеу жетіспейді. Қазақ тілі, мәдениеті, ұлттық дәстүр-салттары, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету сияқты ізгілікті құндылықтары мемлекеттік идеологияның өзекті арнасына айналғаны маңызды. Адамды түзету, сөзді түзету, үгіт-насихатты түзету биліктің өзінің заң жолымен ғана түзу жүруімен ұштасқаны пайдалы. Билік жақсы сөздерді айтып, бірақта шаруаны өзінің қарақан басына ғана жасай беретін болса барлық үгіт-насихат пен идеологияның құны бес тиын болып қалады. Сөз бен істің алшақтығы халықты наразы қылатын ең қауіпті құбылыс. Қазақстанда биліктің сөзі бір жақта, ісі оған қарсы екінші жаққа кеткеніне көп болды.

     Билік өзіне қажетті, пайдалы істерді мемлекет болашағын ойламай бірінші кезекте шешуге ұмтылады. Азық-түлік өнімдерін көбейту желеуімен халық қаражатын миллиондап шашып шет елден мал сатып алынады. Соңғы 10-15 жылда шет елден әкелінген мал тұқымдарынан бір мысқал де пайда болған жоқ. Немесе, шет ел азаматтары Қазақстанға жұмысқа тарту да түбінде зор қауіп екендігін билік түсінгісі жоқ. Шетелдіктерге беретін ақыны өз азаматтарымызға төлесе олар сапалы, нәтижелі еңбек ететінін ешкім білігісі жоқ. Өзбек, қырғыз жұмыскерлерін тек уақытша ауылшаруашылық саласында ғана пайдаланған тиімді. Кәсіпорындар, автотранспорт және жол салаларында қазақстандықтардың өздері еңбек еткені пайдалы. Тұрақты еңбек орындарын ел азаматтары иемденгені жақсы. Халықтың жұмысқа жарамды бөлігінің толықтай еңбек процесінде қамтылуы қоғамның тұрақты дамуының, экономикалық өрлеуінің кепілі болып қала береді. Қазақстанда барлығы бар, жетіспейтіні белсенді және сапалы еңбек процесі. Бәсекеге қабілетті тауарларды тек тиімді, жаңашыл өндіріс қана бере алады. Болашақта мұнай, газ қоры таусылғанда елді тауарлы өндіріс пен азық-түлік экспорты байытатын болады. 2014 жылы ЖІӨ көлемі 235 млрд АҚШ доллары көлемінде болса 2050 жылға қарай 0,5 трлн. доллар өндіруге міндеттіміз. Бұл межеге тек шикізатпен шығуға болмайды.

     Қазіргі әлемдік тәртіптерде Қазақстанға сырттан келетін күйреткіш қауіптер жоқ емес. Бірақта, мемлекеттілікке ішкі қауіптер күштірек. Олар: жемқорлықтан билік пен халықтың алшақтауы, әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздік, байлық пен кедейліктің арасының тереңдей беруі, халықтың біртұтас ортақ еңбек мақсаттарына бірікпеуі, ел халқының тілдік, этникалық бөлшектенуі, трайболистік сананың  жалпықазақтық санаға бөгет болуы, жалғандық, өтірік пен көзбояушылықтың асқынуы сияқты құбылыстар Қазақстанды іштен ірітіп жіберуі қаупы тым күшті. Оларға тосқауыл болатын күштер руханилықтың, еңбектің және ұлттық сананың, тілдің жаңғырып, жаңа сапада дамуы болмақ.

     Бүткіл әлем Украина мемлекетінің дағдарысқа ұшырап, кері кетуінің куәсі болуда. Украина қоғамын қайшылыққа ұшыратқан құбылыстардың барлығы да Қазақстанда бар.  Ел халқының ұлттық бірегейленуінің әлсіздігі, мемлекеттік тілмен бірікпеуі, олигархтардың толық үстемділігі, кедейленудің тереңдеуі, солтүстік аймақтардағы орыс диаспорасының басымдылығы, халықпен биліктің қатынасының нашарлығы т.б. факторлар Қазақстанда да әлеуметтік төңкерістерге алып келуі әбден ықтимал. Қазақ байлары қаржыларын ел экономикасына салуға міндетті. Себебі, олар байлықтарын осы жерде жинады емес пе? Мемлекеттің түрлі әлеуметтік және индустрияландыру жобаларына жұмсаған қаржыларын биліктің талан-таражға салынбауын қатаң қадағалауы маңызды. Ел байлығы офшорларда қалмай, жемқорлықпен тоналмай тікелей экономикалық жобаларға салынса Қазақстан зор табыстарға жетер еді.

     Украинаның бұрынғы президентін қоршаған жемқорлар мен жағымпаздар елді тұралатып тынды. Бұл ел күрес, өзара тартыс алаңына айналды. Қазақстан билігі осы жағдайдан сабақ алуы маңызды. Жемқорлардан, жағымпаздардан тазаланып халық пен мемлекетке қызмет ететін білікті және әділ билікті орнататын мезгіл келді.

     Қазақстан дамыған, өркениетті  елдердің жинақтаған позитивті тәжірибесін пайдалана отыра өзінің мүмкіндіктеріне, ресурстарына, геоэкономикалық орнына сай өзінің даму векторларын таңдауы керек. Олар: сөз жоқ нарықтық экономика, демократиялық құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Осы экономикалық-саяси жүйе ұлттық тілмен, қазақстандық ортақ патриотизммен, ұлттық тәрбие және салт дәстүрмен ұласып, үндескенде ғана елдің қазақстандық даму жолы баянды болмақ. Ел халқы Фарабидің, Абайдың, Алаш арыстарының идеяларында тәрбиеленіп нарықтық қатынастардың белсенді өкілдеріне айналады. Сонда ғана тапқан табыс пен төккен тер әділ және баянды болады. Биліктегілердің билікті ұстап тұруы ғана маңызды емес. Мемлекет үшін билік барлық жасампаздық істер мен жақсы өмірдің қайнар көзіне айналғаны маңызды.

     Қазақ қоғамы үшін тағдырлық мәселелердің барлығы биліктің позициясына байланысты. Қазақстан қоғамы қандай жолдармен дамуы керек, ұлттық құндылықтар мен жаһанданудың ара салмағы қандай, ұлттық мәдениет пен шетел мәдениетінің елдегі орны, байлық пен кедейліктің ара жігінің мөлшері, әлеуметтік әділеттіліктің сақталуы, ел халқына қызмет ететін экономика жасау сияқты мәселелер халықты ерекше толғандыруда. Әсіресе, халық байлық пен кедейліктің арасының тым алшақтауына алаңдауда. Байлар өте аз, олар тым бай. Кедейлер өте көп, олар тым кедей бола берсе қоғам тұрақтылығын шайқалтатын әлеуметтік толқулар мен наразылықтар болмай қоймайды. Жаңаөзендегі оқиғалар бұл құбылыстың алғашқы сигналдары. Қоғамдағы әлеуметтік наразылық ахуалының алдын алу пайдалы. Елдегі әлеуметтік толқуларды Украинадағы сияқты халықаралық күштер Қазақстанды бөлшектеу үшін пайдаланып кетуі әбден ықтимал. Сондықтан ұлттық байлықтарды әлеуметтік мемлекет құруға бұратын мезгіл келді. Халық Үкімет пен Парламенттің ел мүддесі үшін белсенді жұмысын көргісі келеді. Ол басқарушы элитаға жағымпазданған биліктің орта және төменгі буынынан әбден жалықты. Қарапайым халық адамгершілік пен әділеттілік құндылықтарының үстем болғанын қалайды. БАҚ пен теледидарды басып алған  зорлық-зомбылық, адам өлтіру, ішкіштік, сексті насихаттау, ақша мен байлықтың құдыретіне  табынатын Батыстың төмен мәдениеті Қазақстан халқының жас буынының рухани азғындауына себеп болуда. Еңбекті, қарапайым шындықтарды, адал өмірді, достық пен татулықты басым ететін ақпараттық кеңістік жасалмай отыр. Қоғамдық, экономикалық өмірдің көптеген салаларында артта қалып қойған Ресейге байлану зор қателік деп білеміз. Техника мен технологияда, сапа мен тиімділікте Батысқа бет бұрыста жылдамдата беруіміз абзал. Бұл ұстаным Ресеймен достықты жоққа шығармайды. Сонымен бірге халық Ресейге тәуелді болуды қаламайды. Жұрт толыққанды тәуелсіз, демократиялық мемлекетте өмір сүруді қалайды.

     Қарап отырсақ Қазақстан Республикасынан Қазақ Еліне қарай жылжуда шешілетін міндеттер жетерлік. Олар оңай міндеттер емес. Мәселе, биліктің  мемлекетшілдік ниетіне, халықтың шаруақорлығына, зиялы қауымның әлемнің озық үлгілерін Қазақстанға енгізуіне келіп тіреледі. Дамыған Қазақ Елінде мемлекеттік тілдің, қазақ ұлтының ізгілікті құндылықтарының төңірегінде барлық қазақстандық азаматтар бірігеді. Осылай болғанда халқына бейбітшілік, жақсы әл-ауқат, әлеуметтік тыныштық пен еңбекті силайтын Мәңгілік Ел Қазақ Елі құрылады, әлемдік қауымдастықпен бірге өмір кешеді.

 Алияров Е.К., саяси ғылымдарының докторы, профессор

 Борбасов С.М., саяси ғылымдарының докторы, профессор

 

 

           Ұлттың бірлігі ол халықтың татулығы мен ынтымағы. Тәуелсіз ел алдындағы басты мақсаттардың бірі қоғамның тыныштығы мен әлеуетінің жоғары болуы. ХХІ ғасырға қадам басқан кездегі халықаралық кеңістікте орын алған жаһандану жүйесінің тек әлемдік деңгейде өмір кешіп жатқан өркениеттерді ғана қамтымай, әрбір қоғамның ішіне етене кіргені де жасырын емес. Сондықтан қоғамдағы әрбір азамат үшін өз халқын, ұлтын, татулық пен келісімде ғұмыр кешіп жатқан этностармен арадағы байланысын сақтаса, ол барынша бейбітшілік тамырында дамуын жалғастырады. Жаһандануды әлеуметтік құбылыс ретінде алсақ, оның адамзатты қазіргі таңдағы қолданыста немесе болашақта шығатын байланыстың технологиялық жетістіктері арқылы біріктіруде қауіптің барлығы алаңдатады. Себебі бұл құбылыс қоғамның поляризацияға ұшырауына әкеліп соқтырады. Соңғы уақытта әлем техногенді өркениет шыңырауына бөлінгендігі соншалық, адамдар әртүрлі жағдайда тіршілік етуде. Дегенмен, жіктелу бұрынғыдай мәдениеттердің географиялық шекаралары бойынша емес, ал біздің қоғам ішінде орын алуды. Көптеген елдерде, соның ішінде, индустриалды дамыған елдерде жаһандық элита халықтың қажеттілігіне тәуелді емес.  Осының салдарынан капиталдың көбейіп сақталуына әрекет жасайтын қазіргі элиталардың ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді қолдауы әлсіреп кетті. Мұндай космополитизм кейде «ұлт», «дәстүр»  түсініктерінің көп елемеуіне әкеліп соғады.

Дегенмен, біздің бағымызға орай, мұндай үрдіс қазақ қоғамында аса бір қолдауға ие емес. Себебі мемлекетті құраушы бас ұлттың тарихы, мәдениеті және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі ол мемлекеттің болашағының кепілдігі. Бұл жерде ұлтшылдық насихатталып отырған жоқ, мемлекеттің титулды ұлты ретінде қазақ ұлтының орны көрсетіліп отыр. Әлбетте, ұлтшылдықты насихаттау ол қоғамның дамуын тижейді, қоғамдық қатынастар жүйесінің бұзылуына жағдай туғызады. Сондықтанда ұлтшылдықтың қайшы жақтарын ажырата білген жөн.

Өркениеттік дағдарыс дүниежүзі елдерінің көп бөлігін қамтыды. Осы жағдайда демографиялық, құндылықтық, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және т.б. қатынастары барынша теңдестірілген жүйе ғана өз әрекетін сақтап қалады. Сондықтанда біз келешекте бірлік пен ынтымаққа жүгінген тәуелсіз Қазақстан болып сақталуымыз біздің жүйеміздің барлық салалары үйлестірілген жүйеге сәйкестендірілсе, онда біздің болашақта өркениетті елдер қатарында болатынымызға күмән болмас.

Мемлекетіміздің татулыққа бекінген саясатының нәтижесі біздің қоғамымыздың тыныштықты сақтап, барлық салаларда қауіпсіздікті қамтамасыз етілуіне жағдай жасалуы осының айғағы. Дегенмен, еліміздің батыс елдерімен жан-жақты байланысы ұлттық құндылықтардың шаншылуына апармау керек. Белгілі түрік жазушысы, әлекументтанушы ғалым З.Көкалып «Батыс жетістігін ендіру ұлттық мәдениет негізінің ерекешелігіне нұсқан келтірмеу керек» - деп жазған болатын. Бұдан біздің алатынымыз да анық көрініп тұр. Халықаралық арендағы өз орнымызды төл мәдениетіміз бен өркениетімізді жаһандықпен етене сіңістірмей,  зиян келтірмейтін жолдың жетістігін алуымыз қажет. Міне осы жерден, ұлттық идеологияның мәселесі туады. Ұлттық идеология ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан саяси-әлеуметтік ойы мен руханиятының ұштасар тұсы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың«Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында көрініс тапқан «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы да Қазақстанның 2050 жылға дейінгі басты стратегиялық дамуының құжаты ұлт бірлігі мен дамуымының кепілі.

Ұлттық идеологияның қалануы мен ұлт бірлігі мен бірлестігін бейбітшілікте сақтауда діннің орны маңызды. Әсіресе қазақ халқының он ғасырдан бергі ұстанып келе жатқан Ислам дінінің ұлттық бірлікті беріктікте сақтауында рөлі ерекше. Мәдени дәстүрлердің ұқсастығы, сонымен қатар этикалық және эстетикалық иделардың көпшілігі ислам құндылықтарымен анықталып, ортақ бір сенім жүйесіне жинады. Қазақстанның халқының көп бөлігі мұсылман болғандықтан, діни ағарту саласы да барынша ағартушылық жұмыстарға бағытталған болу керек. Себебі өз дінін жақын білу ол әрқашан ұлттық бірлікті ұштастырушы бірден-бір фактор болмақ. Тарихи діни құндылыққа қайта келу бірінші ретте қоғамдағы гуманистік мұраттардың бекінуіне әкелетін нәтижелі құбылыс, дегенмен де оның қайшы жақтарын да сараптап, қарама-қайшылықтардың болмауын алдын-алуымыз қажет.

Осы мақсатта іске асырылатын ұлттық идеологияның тетіктерінде ұлтаралық қатынастарды реттеудегі әртүрлі конфессия арасындағы жан-жақты қатынастардың мемлекет қауіпсіздігіне нұсқан келмейтін, әрбір азаматтың барлық құқықтарын сақтай қоғамдағы бірлікті сақтауды қамтамасыз ете аламыз. Батыс сарапшылары келтіретін ашық қоғам айналасында емес, біздің қоғамдық өзіндік қатынастарының негізінде болу керек. Бұл мәселені шешу тек мемлекеттік қызметтің құзыретінде болмау керек, себебі  ашық қоғамда мемлекет те, еркін нарық та басымдыққа ие емес. Оның басты қозғаушы күші үкіметпен кәсіпкерлер, мемлекет пен шіркеу, орталық пен орталықтан алыс аймақтар арасына тепе-теңдік орнататын өзіндік нормалар мен құндылықтары арқасында ұйымдар құратын азаматтар. Және әрбір азамат саяси, рухани күш-қуатын өзін басқаша ойлауға, болмысымыздың жасампаз ішкі қайта құрырылуына жұмсағанда ғана біз өзімізге тән ұлттық-діни тұлғалық қасиетімізді сақтай аламыз. Яғни, қазақ үшін мұсылмандық тұлғалық қасиеттер. Бүгін, ертең және келешекте бізді тек Отан ғана біріктіре алады, және бізден басқа ешкімге ұлттық тәуелсіз ел болып өркендеуіміз қажет емес. Сондықтан ислам дінінің ұлт бірлігін сақтауда отансүйгіштіктің әрбір азамат санасында бекініп, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің құрметті орынға ие болып, рухани дүниенің мұсылмандықтан алатын үлесі қомақты болмақ.

 

Мархабат Нуров

Бұл электронды пошта мекенжайы, спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы болуы тиіс.

 Бұл электронды пошта мекенжайы, спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы болуы тиіс.">

 

 www.voxpopuli.kz

Қазақстандағы парламенттің дүниеге келуі

Қазақстан Республикасындағы парламенттің тарихи дамуына назар аударатын болсақ, Жоғарғы Кеңестің он үш рет сайланған құрамының орнына жаңа кәсіпқой парламент құрылды. 1993 ж. қабылданған Конституция бойынша заң шығарушы сот және атқарушы билік арасындағы өкілеттіліктердің дұрыс бөлінбеуі нәтижесінде тежемелік және тепе-теңдік принципі дұрыс сақталмады. Яғни Жоғарғы Кеңес сот пен атқарушы билікке араласты. Бұл жаңа Конституцияның қабылдануына түрткі болды. Екінші жағынан, парламенттің рөлі оған берілген өкілеттіліктері бойынша президентке қарағанда басымырақ болды. Осы себептерге байланысты 1995 ж. қабылданған жаңа Конституция қазіргі жаңа парламентті өмірге әкелді.

  Дін қоғамның ажырамас бір бөлігі болып табылады. Сондықтан тарихтағы дінге қарсы күресуге жасалынған мүмкіндіктердің барлығы сәтсіз аяқталды деп айтсақ болады. Салыстырмалы түрде жақын арада біздің елде қоғамдық жүйе шеңберінде дінге орын жоқ деген пікір қалыптасты. Барлығына белгілі марксизм дінге қарсы болды.

Жұма, 07 Маусым 2013 07:47

Жалауша тақыштар

Қазіргі кезде Астана және Алматы қалалары көшелерінде алдыңғы терезелеріне әртүрлі елдің жалаушаларын орнатып алған автокөліктер кездеседі. Алматыда көбінесе ұйғыр бауырлар «өз жалаушаларын» автокөліктеріне тағып алады. Өз жалаушалары деп отырғаным карта бетінде жоқ «Шығыс Түркістанның» туы.

Қазір қазақ қоғамында өздерін мұсылман санайтын пенделер түрлі топтарға, ағымдарға бөлінген. Оларды санап айтып жату артық болар. Дегенмен осы топтардың ішінде ерекше айтып кететін бір топ бар. Олар аруахшылар, қабір аралап, оны, Қағбаны айналғандай, жеті айналып, тасын сүйіп, аруақтан қол жайып көмек сұрап табынатындар.

Біздің электрондық поштамызға келген мына бір хатты оқып, оны жариялауды жөн көрдік. Хаттың авторы – Ноки Мәлікұлы, Қазақстан Республикасының азаматы, өз ойларын көпшілікке арнайды. Оның ойлары, дәлірек айтқанда, еліне деген уайымы, күллі қазақстандық мұсылмандардың көкейінде жүр десек қателеспейміз.

Жұма, 07 Маусым 2013 07:45

Құрбан айт- ұлттық мереке

Құрбандық шалу

 

Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап іс­тер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жа­қындай түсу. Ал шариғаттағы тер­миндік мағынасы – “шарттарымен са­наса отырып құлшылық ниетімен мал ба­уыздау” дегенге саяды. Құрбан айт күн­дері (алғашқы үш күні) шалынатын мал “ұдһия” деп аталады.

Әдемі утопиямен адамның санасын улайтын діни уағыздаушылар Қазақстанда қаптап кеткені қашан?! Үкімет үндемей отырғанда, «аузындағы Алласын» қолындағы сурет-кітапшаларда деп сендірген миссионерлер талай жанды «қанатының» астына алып үлгерген. Мемлекет мән бермей жүргенде әлгі «қанаттан» жетілгендер Қазақстанның қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған көрінеді.

1 бет. Барлығы: 4