Ислам әлемінің экономикасына ықпал етуші факторлар » Казахстанский центр гуманитарно-политической конъюнктуры
Приёмная:
+7(727) 375-77-55
Эксперты:
+7(727) 375-88-18
Версия для
слабовидящих
» » Ислам әлемінің экономикасына ықпал етуші факторлар
26
July
2013

Ислам әлемінің экономикасына ықпал етуші факторлар

Соңғы жылдары мұсылман мемлекеттері рөлінің артуы оларға назардың көбірек аударыла бастауына алып келді. Осыған байланысты бұл елдердің барлығын ортақ сөзбен сипаттайтын «ислам әлемі» деген тіркес жиі қолданылып жүр. Pew Research Center деректері бойынша, 2010 жылы мұсылмандардың саны 1,6 миллиардқа жетіпәлем халқының 23,4%-на тең болды
   Олар қазіргі таңда 49 мемлекетте көпшілікті құраса, жалпы 72 елде ислам дінін ұстанатындардың саны 1 миллионнан астам. Мұсылман елдеріндегі халықтың жылдам өсуі оларға қосымша саяси басымдылық беретіндігі сөзсіз. Бірақ, кез-келген мемлекетке қандай да бір саяси мақсатқа қол жеткізу үшін экономикалық қуат қажет. Осы орайда, ислам әлемі елдерінің даму деңгейі олардың халықаралық қауымдастықтағы саяси салмағына тікелей әсер етеді деп айтуға болады. Сондықтан, осы мемлекеттердің экономикаларына әсер ететін факторларды қарастырған өте маңызды мәселелердің бірі.         
Жалпы, экономикалық даму – кез-келген мемлекетте тұрақты болашақ құрудағы ажырамас шарт. Экономика ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге тікелей әсер етеді. Өйткені, елдің ішіндегі тұрақтылықты сақтауда да, халықаралық сахнада беделді болу үшін де қаражат керек. Қуатты мемлекет бола тұра, экономиканың тұралап қалуынан құлдыраған елдер тарихта белгілі. Мысалы, Кеңес одағы ыдырауының бір себебі ретінде тарихшылар, саясаттанушылар мен экономистер оның экономикалық дамуының қиын жағдайда болуымен түсіндіреді. Сонымен қатар, Осман империясының жойылуы да осындай себептермен  байланыстырылады. Керісінше, мамандардың пікірінше, соңғы жылдары Қытай мен Үндістан секілді елдердің саяси маңыздылыңының артуы олардың қарқынды дамуымен тікелей қатысты. 
 Қазіргі күні экономикалық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі болып отыр. Осы тұрғыдан тәуелділікке түскен мемлекеттің тәуелсіз саясат жүргізуі екіталай. Ол тәуелділік әр түрлі формаларда бола алады. Сыртқы елдерге, халықаралық ұйымдарға қарыз болу осындай жағдайға алып келуі мүмкін. Соңғы мысалға Грекиядағы қаржылық дағдарыс барысында ел үкіметінің сырттан миллиардтаған қарыз алуын айтуға болады. Экономикалық саясатты жүргізудегі «тройканың» (Еуропалық Одақ, Еуропалық Орталық Банк, Халықаралық қаржылық қор) қойып отырған талаптарын орындау қарыз берудегі басты шарттардың бірі болды. Өз кезегінде ауыр дағдарыс ел тұрғындарының наразылықтарын тудыртып, ЕО-ның Германия секілді мемлекеттерін басты кінәлілар деп айыптауға итермеледі. Нәтижесінде, 2012 жылғы сайлауда ультраоңшыл партияның парламенттен орындар жеңіп алуы Еуропалық Одақтың ішінде интеграцияға қарсы күштердің қарқын алып келе жатқандығын көрсетті. Осы мысал экономикалық пен ішкі тұрақтылықтың бір-бірімен сабақтас екендігін көрсетеді.
 Сонымен қатар, үлкен державалардың басқа мемлекеттерге қаржылай көмек көрсетуі сол елдер басшыларының өздеріне деген жақсы ниетте болуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл жұмсақ күштің бір бөлігі болып табылады. Мысалы, Құрама Штаттар 2011 жылы сыртқы көмекке барлығы 49,5 млрд доллар көлемінде қаражат бөлген. Мысырда әскери төңкеріліс орнағаннан кейін АҚШ-тың  осы елдің әскерилеріне жыл сайын 1,3 миллиард доллар көлемінде көмек көрсететіндігі көп талқыланды. Мысырдағы қиын экономикалық жағдайды ескеретін болсақ, бұл ақша олар үшін ауадай қажет. Сондықтан, мысырлық әскерилердің американдықтарға ниеті түзу болады деп болжауға толық мүмкіндік бар. Шығыс көршіміз Қытайдың да басқа елдерге қаржылай көмек көрсетіп келе жатқанына назар аудару қажет. 2010 жылы дамушы елдерге жасалынған тікелей сыртқы инвестициялар көлемі 17 млрд долларды құрады. 2009 және 2010 жылдары аспан асты елі 110 миллиард көлемінде қарыз берді. Осы орайда, ислам әлемі мемлекеттерінің белгілі бір деңгейде сыртқы тәуелсіз саясат жүргізуі үшін ең алдымен экономикалық тұрғыдан мықты болуы қажет екендігін атап өткен жөн.
 Ішкі жалпы өнім экономиканың жағдайын бағалаған кезде ең басты өлшемдердің бірі ретінде айтыладыИслам Ынтымақтастық Ұйымына мүше 57 мұсылман мемлекетінің ІЖӨ-сі 5,7 триллион долларды құрады. Бұл бүкіләлемдік көрсеткіштің 8,3 пайызына тең. Әлемде экономикалары ең үлкен жиырма ел кіретін G20-ның тізіміне қарайтын болсақ, онда халқының басым бөлігі мұсылмандар болып табылатын үш мемлекетті кездестіруге болады. Олардың орындарына және экономикаларының көлемдеріне назар аудару қажет.
 
1
АҚШ
15684 млрд
16
Индонезия
878 млрд
17
Түркия
794 млрд
19
Сауд Арабиясы
727 млрд
50
Қазақстан
196 млрд
  Халықаралық Қаржылық Қор 
Халықаралық қаржылық қордың 2012 жылға берген деректеріне сүйенсек, Индонезия экономикасы ең ірі мұсылман мемлекеті болып табылады, ал оның артынша Түркия мен Сауд Арабиясы орналасқан. Олардың экономикалық көлемі тым мардымсыз екендігі анық. Бір Құрама штаттардың ішкі жалпы өнімі 15 триллион доллардан астам. Мұсылман әлемінде әр түрлі деректер бойынша 1,5 миллиардқа жуық халық бар екендігін ескерсек, адам басына шаққандағы көрсеткіш 4 мың долларға ғана жуық деңгейде. 
            Мұсылман мемлекеттері айтылғанда ең алдымен еске түсетіні – мұнай. Расында парсы шығанағында орналасқан мемлекеттердің халқы осы қара алтынның арқасында өте жақсы тұрып жатыр. Бұл жалпы ислам әлемінің экономикасына ықпал етуші факторлардың бірі. Адам басына шаққандағы ІЖӨ-ні қарастыратын болсақ, мұнайға бай, бірақ халқы шағын мұсылман мемлекеттері әлем бойынша алдыңғы орындарда тұр.
1
Люксембург
107206 $
2
Катар
99731 $
6
Біріккен Араб Әмірліктері
64840 $
17
Кувейт 
45824 $
20
Бруней
41703 $
59
Қазақстан
11773 $
   Халықаралық Қаржылық Қор 
Халықаралық Қаржылық Қордың мәліметтері бойынша, бұл тізімде Катар екінші, БАӘ алтыншы, Кувейт он жетінші және Бруней жиырмасыншы орындарда орналасқан. OPEC (Мұнай Экспорттаушы Елдердің Ұйымы) деректеріне сәйкес, бүкіл әлемдегі мұнай қорларының 81 пайызы осы ұйымға кіретін елдерге тиесілі. Ал ұйымның мұсылман мемлекеттерінің өзіне барлық мұнайдың алпыс пайызы келеді екен. Қазақстан секілді басқа да мұсылман елдерін қосатын болсақ, бұл көрсеткіш одан да асып түседі. Жалпы, мұнайды саяси тетік деп айтуға болады. Барлық мемлекеттер мұнай мен одан алынатын тауарларды пайдаланады. Сондықтан, қара алтын бағасының қымбаттауы оны импорттаушы елдердің экономикасына ықпал ететіндігі анық. Мұнайлы елдердің маңыздылығы 1973 жылғы мұнай дағдарысы кезінде байқалды. Сол жылы OPEC құрамындағы араб мемлекеттері және қосымша Египет, Сирия, Тунис мұнай эмбаргосын жариялады. Оған Израильмен арадағы соғыс себепкер болды. Ол кезде мұнай бағасы барреліне 3-тен 12 долларға дейін күрт өскен болатын. Осылайша, мұнай экспорттаушы мемлекеттердің халықаралық сахнадағы саяси салмағы артты. Осындай жағдай тағы да қайталанатын болса, оның әлемдік экономикаға тигізетін зардаптары орасан болатындығын болжауға болады. Қазіргі таңда мұнайдан түскен ақшаның арқасында Парсы шығанағы елдері халықтарының табыстары күрт ұлғайды. Әлемдегі ең атышулы инфрақұрылымдық жобалар осы аймақта жүзеге асып жатыр. 
Бірақ, бұл жағдайдың кемшілігі – шикізатқа тәуелділік. Ол ғылыми түрде «голланд ауруы» деп аталады. Қазіргі таңда мұнайға баламалы энергияларды өндіру қарқынды дамып келе жатқандығын ескерсек, болашақта оған деген сұраныстың азаюы мен бағаның қатты төмендеуі ықтимал. Ол мұнайлы мемлекеттердің жағдайын нашарлататындығы сөзсіз.   
 Осыған қоса, мұнайдан түскен қаражаттар тиімсіз жұмсалып жатқандығын анық байқауға болады. Одан түскен ауқымды қаражат негізінен фондтар мен банктерде сақталуда немесе батыстық компаниялардың активтерін сатып алуға жұмсалады.    
Сондай-ақ, ислам әлеміндегі мемлекеттер адами ресурстарға бай. Әр түрлі деректер бойынша мұсылмандардың саны 1,5 миллиардтан астам. The Pew Forum on Religion and Public Life болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай әлемдегі 8,3 милиард адамның 26,4 пайызы, яғни 2,2 миллиарды мұсылмандар болады. Миграция жылдан-жылға қарқын алғанмен, олардың басым бөлігі ислам елдерінде тұрып жататынын болжауға болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, Индонезия 247 миллион халқымен мұсылман елдері арасында бірінші және жалпы әлем бойынша төртінші орында тұр. Жиырмалықтың ішінде келесі мемлекеттер бар: 
6. Пәкістан – 182 млн;
7. Нигерия – 173 млн; 
8. Бангладеш – 156 млн; 
16.Мысыр – 82 млн; 
17.Иран – 77 млн; 
18.Түркия – 75 млн;  
 Бұл жағдай ең алдымен экономикалық тұрғыдан басымдықтар бере алады. Өйткені, бұл елдер арзан және жас жұмыс күштеріне ие. Мамандардың айтуынша, Қытай мен Үндістанның қарқынды экономикалық дамуы олардағы халық санының көп болуымен байланысты. Расында, батыстық және дамыған азиялық мемлекеттер өздерінің өндірістерін осы елдерге көшірген. Бұл өндіріс құнын түсіру үшін жасалған шара еді. Осының арқасында Қытай биресми түрде «әлем фабрикасы» деген атауға ие болып отыр. Ал соңғы кездері аспан асты елінің өзінде жұмыс күшінің қымбаттауына байланысты өндіріс орындары одан да арзан жерге көшуде. Осы мүмкіндіктерді мұсылман елдеріне ұтымды пайдалануға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, халық санының көптігі тұтыну нарығының үлкен болуына тікелей әсер етеді. Қытай мен Үндістан кең көлемде өздерінің отандық брендтерін жасауда. Мысал ретінде автокөлік саласын алайық. Сыртқы нарықта бәсекелестігі төмен компаниялар ішкі нарыққа арқа сүйеуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жергілікті автоөндіріушілер біртіндеп тауарларының сапаларын жақсартып, оларды экспортқа шығара бастады. Осындай жағдайды басқа да салаларға қатысты айта аламыз. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті тауар өндірішулер бастапқыда ішкі нарықта дамып, кейінірек сыртқы нарықтарға шыға алады. 
Сонғы уақытта әскери қимылдар жүргізуде жаңа технологиялар дамығанмен, адами ресурстардың орны әлі де орасан. Осы тұрғыдан да демографияның өсуі мұсылман елдеріне саяси салмақ қоса алады.
Бірақ, мұсылман мемлекеттеріндегі демографиялық жағдайдың жағымсыз тұстары да бар. Араб көктемі орын алған елдерде демографиялық өсім өте жоғары. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ол елдерде өршіп тұр. Халықаралық Еңбек Ұйымының деректеріне сәйкес, оқиғалар басталар алдындағы 2010 жылы аймақтағы жастар арасындағы жұмысыздық 23,4 пайыз деңгейіне жетті. Мамандардың айтуынша, жұмысы немесе оқуы жоқ, бос жүрген жас азаматтар көтерілістердің басты катализаторларының бірі болды. Сондықтан бақылаусыз бала туу іштегі саяси тұрақсыздықтардың себепкері болуы мүмкін. 
Мұсылман мемлекеттерінің экономикалық дамуына әсер ететін факторлардың қатарына олардағы либералды экономиканың қалыптаспауын жатқызуға болады. Ол негізінен мұсылман елдерінің көбісінде демократияның орнамауымен байланыстырылады. Либералды экономиканың болмауы шынайы бәсекелестіктің туындауына кедергі тигізіп отыр. Яғни, мемлекет үнемі нарыққа араласып отырады. Ислам әлеміндегі елдердің көбісі авторитарлық режимдерде өмір сүріп келеді. Араб әлемінде болып жатқан саяси процестер бірден демократизациялануға алып келмеуде. Мубарак, Бен Али, Каддафилардың ұзақ жылдар бойғы авторитарлық билеулері құлатылған кезде, бірден «батыстық демократия» орнайды деген үміттер жоққа шықты. Сондай-ақ, мұсылман елдерінде кландық экономика жиі кездеседі. Мұндай жағдай билеуші топтармен нарықты монополияландырып алуға себепкер болуы мүмкін. Таяу шығыстағы үкіметтер құлатылған кезде олардың басшылары мен жақындарының қомақты банктік есепшоттарының табылуы соған дәлел бола алады. Соңғы кездері саяси жүйелерін модернизациялап жатқан кейбір мұсылман мемлекеттері үлкен жетістіктерге жетуде. Мысалыға айтатын болсақ, Түркия демократиялық реформаларды қарқынды жүргізу арқасында экономикада үлкен табыстарға жетті. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Малайзия, Индонезия секілді елдердің жылдам дамуын да демократияның жетілуімен тікелей байланыстыруға болады. Бірақ, либералды экономиканы дамудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырмау керек. Оны тек соның бір құрамдас бөлігі деп қабылдауға болады.
Мұсылман әлемінде ауызбіршіліктің болмауы байқалады. Діни алауыздылық – солардың негіздерінің бірі. Сунниттер мен шииттер арасындағы шиеленіс аймақтағы үлкен жанжалдардың себепкері болуда. Осы екі топ арасындағы жауластық Сириядағы соғыста анық көрініп отыр. Сирия президенті Башар Асад шиизмнің бір тармағы болып есептелінетін алавиттер қауымының өкілі, ал оған қарсы шығып отырған оппозиция елдің 85 пайызын құрайтын суннииттерді біріктіруде. Қазіргі таңда шииттік Хезболла тобы үкімет әскерлері тарапында соғысып жатқандығын ашық жариялап үлгерсе, ал әлемдік қауымдыстық Иранды Асад әскерлеріне көмектесіп жатыр деп айыптауда. Осы орайда, оппозиционерлердің басты қамқоршылары ретінде мұсылман әлемінде сунниттік Түркия, Парсы шығанағының араб мемлекеттері аталып отыр. Ирактағы сунниттер мен шииттер арасындағы қантөгістің одан әрі жалғасуы осы мәселенің өте күрделі екендігіне көз жеткізеді. Саддам хуссейн кезінде елде сунниттер басты рөлде болған еді. Американдық интервенциядан кейін шииттер билік басына келіп, сунниттер қудалануға ұшырауда. Мамандардың айтуынша, егер де жағдай ушығатын болса, болашақта Ирак бірнеше бөліктерге бөлініп кетуі мүмкін. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы бітпес қарсыластық та парсылар мен араб әлемі арасындағы қатынастарға кері әсерін тигізуде. Өткен жылы Түркия, Иран, Египет, Сауд Арабиясы арасындағы өтуі тиіс кездесуге соңғылары қатысудан бас тартты. Оған себеп кездесуге Иран өкілдерінің шақырылуы болды. 
Өткеннің оқиғалары да мұсылман мемлекеттерінің бір-бірімен қарым-қатынастарына кері әсер етіп отыр. Осман импересияның қол астында қазіргі араб территорияларының біраз бөлігінің болуы Түркия мен араб мемлекеттері арасындағы байланыстардың толыққанды дамуына кедергі болып отыр. Түріктердің соңғы уақыттарда аймақтағы рөлінің өсуі арқасында көшбасшылыққа ие бола бастауы арабтардың бір бөлігінде үрей тудыртуда. Осыған қоса, кейбір мұсылман мемлекеттерінің көп уақыттан бері батыспен қатынастараның нашар болуы олармен саяси және экономикалық байланыстар орнатуға тежеуіш болып отыр. 
Сонымен қатар, ислам әлемінде дін рөлінің мықты болуы ондағы процестерге ықпал жасайтындығы сөзсіз. Тіпті кейбір мемлекеттерде конституцияның орнына шариғат жүреді. Ислам дінінде экономиканы жүргізуде де шектеулер бар. Мысалы, пайыздық үстемемен қарызға ақша алуға тыйым салынған. Соған байланысты шариғатқа сай қызмет істейтін ислам банкингі дамуда. Көптеген мамандар дағдарыс кезінде осы ислам заңдары негізінде жұмыс жасайтын банктердің үздіксіз дамып отырғандығын айтты. Ол қазіргі таңда мұсылман мемлекеттерімен қатар Еуропаның бірқатар елдерінде қызмет көрсетеді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша осы банктердің жалпы активтері 1,3 триллион долларды құрады. Болжамға сәйкес 2013 жылдың қорытындысы бойынша оның активтері 20%-ға өсіп, 1,5 триллионнан асуы тиіс. Ислам банктерінің басымдылықтарына мұсылмандарға ислам заңдарын бұзбай бизнес жасауына мүмкіндік беруін және осы жүйенің қаржылық дағдарыстарға тиімді төтеп бере алуын жатқызуға болады. Ал ислам банктерінің үлесіне бүкіләлемдік банк активтерінің 1%-ы ғана тиесілі болуы олардың кемшіл тұсы ретінде қарастырылады. Осының әсерінен оның бүкіл жүйеге ықпалы өте мардымсыз болып отыр. Бірақ, даму осы қарқынмен жалғасатын болса, болашақта ислам банкингі үлкен күшке айналуы ықтимал. Дағдарыс басталғалы бері көптеген еуропалық банктердің өзі ислам заңдарына сай қызметтер көрсете бастады.
Жалпы, жоғарыда келтірілген фактілерден ислам әлемінің экономикалық тұрғыдан әлсіз екендігіне көз жеткізуге болады. Оған әсер етуші факторлардың қатарына діни шиеленіс, демографиялық ахуал, саяси жүйенің артта қалуы және т.б. жатады. Сонымен қатар, дамудың потенциалы жоғары деп айта аламыз. Кең адами капитал, ислам дінінің негізіндегі экономиканың қарқынды дамуы және энергиялық ресурстар дамуға үлкен мүмкіндіктер береді. Болашақта мұсылман мемлекеттерінің экономикалық тұрғыдан алда болуы үшін ең біріншіден ауызбіршілік қажет. Өйткені, қазіргі таңда күштің барлығы бір-бірімен жауластыққа жұмсалып жатыр. Шииттер мен сунниттер арасындағы шиеленіс, мұсылман елдерінің көшбасшысы болудағы бәсекелестік, діни адамдар мен секуляристердің текетіресі ислам әлемінің дамуына тежеуіш болуда. Егер де осы мәселелер шешіліп жатса, мұсылман мемлекеттерінің болашақта үлкен экономикалық күшке айналуға кең мүмкіндіктер пайда болады.
 
Information көздері:    
1. Statement By Prof. Ekmeleddin Ihsanoglu Secretary General Of The Organization Of    Islamic Cooperation At The Thirty-Ninth Session Of The Council Of Foreign Ministers Of OIC Member States /15.11.2012/ www.oic-oci.org
2. OPEC share of world crude oil reserves 2011 /www.opec.org/
3. The future of the global muslim population /27.01.2011/ www.pewforum.org
4. KFH-Research:USD 1.3 trillion assets of Islamic banks by end of 2012 /16.03.2013/ www.zawya.com 
 Нуриддин Сұлтанмұратов
Прокомментировать
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив