31
Тамыз
2023
ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТЕ САЯСИ РЕФОРМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Саясаттанушылардың ХІІ дәстүрлі жазғы мектебі биыл саяси реформаларды басты тақырып ретінде талқылады. Қазақстан саяси зерттеулер қауымдастығы және Саяси-гуманитарлық конъюнктура орталығы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп ұйымдастырған төрт күндік іс-шараға шетелдік және отандық кәсіби саясаттанушылар қатысып, маңызды тақырыптарда дәріс оқыды. Еліміздің әр өңірінен арнайы келген және онлайн түрде қатысқан ЖОО оқытушылары мен жас ғалымдар аса құнды материалдармен танысып, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды.
«Посткеңестік мемлекеттердің өтпелі кезеңдегі саяси реформаларының стратегиялық бағыты» атты тақырыппен 22-25 тамыз аралығында өткен ХІІ жазғы саяси мектептің негізгі мақсаты – Қазақстанда саяси білім беруді дамыту, гуманитарлық-саяси пәндер оқытушыларының біліктілігін көтеру, отандық саясаттану мектебінің сараптамалық маңызын арттыру. Қазіргі таңда кез келген мемлекет үшін стратегиялық бағыттарды белгілеу өте маңызды. Саяси реформалар да осы бағытта жүргізіледі. Кәсіби ғалымдар мен жас мамандар бас қосқан талқылау алаңында Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия елдерінің және Қазақстанның беделді саясаттанушы-аналитиктері өзекті мәселелерді кәсіби тұрғыдан талдап, өзара пікір алмасты. Жазғы мектептің бірінші күнінде Саясаттану институтының директоры Аркадиуш Жуковский Польшадағы саяси трансформацияны сайлау жүйесі негізінде талдап берді. Ал Кавказ тарихы институтының директоры Ризван Гусейнов Әзербайжанның отыз жылғы саяси тарихына шолу жасап, геосаясат бағыттарына тоқталды.
ҚР Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымының кандидаты Айдар Әмребаев саяси реформалардың жүйелік өзгерістерге ықпалы жөнінде айта келіп, саяси құндылықтарды саяси технологиялардың алмастыруы мемлекет болашағы үшін қауіпті екенін айтты. «Біз өзгенің емес, өз еліміздің күн тәртібімен өмір сүруіміз керек. Болашағын ойлаған ел кемінде жүз жылдық саясатты алдын ала болжайды» деді А.Әмребаев. Ал белгілі экономист-ғалым Расул Рысмамбетов реформаларға алынатын қаражат, азаматтық бюджет төңірегінде сараптама жасап, қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Жазғы мектептің әрбір күні дөңгелек үстелдегі талқылаулармен түйінделіп отырды.
Биылғы жазғы мектептің басты ерекшелігі – ашық сипатта өтуі. Бұл жөнінде іс-шараны ұйымдастырушы, Қазақстандық саяси-гуманитарлық конъюнктура орталығының президенті, саяси ғылым докторы Есенжол Алияров: «Саясаттанушылардың жазғы мектебі әлемде және елде болып жатқан өзгерістер мен саяси оқиғаларды талқылау, әріптестеріміздің мамандануына көмек көрсету мақсатында өткізіліп келеді. Жылдан-жылға басқа мемлекеттердің саясаттанушылары қатысып, халықаралық деңгейде өтуде. Биылғы төрт күндік мектеп сарапшыларымыздың өз көзқарасын ашық жеткізіп, батыл пікірлер айтатын алаңына айналып отыр» деді. Расында да Есенжол Қаниұлы атап өткендей, қазіргі қоғамда еркін пікірлерімен танымал Димаш Әлжанов, Шалқар Нұрсейітов сынды жас саясаттанушылар Жаңа Қазақстандағы саяси реформалар, президенттік институт туралы сараптама жасап, өз пікірлерін ортаға салды.
Төрт күндік жазғы саяси мектептің соңғы күні қорытындылар жасалып, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Дина ИМАМБАЙ
https://anatili.kazgazeta.kz/news/62209